Ақтөбе облысында су қоршауында қалған аудан халқы енді әскери жылжымалы көпірмен жүреді (фото)
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы Ойыл ауданының орталығы қазір су қоршауында тұр. Облыс орталығына қатынайтын жолды су шайған, көпір апатты күйге түскен. 16 мың халқы бар ауданға понтон-көпір пайдалануға берілді. Осыған дейін тек әскери оқу-жаттығу кезінде ғана қолданылған жылжымалы көпір осылайша алғаш рет халықтың кәдесіне жарады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Төтенше жағдай жарияланған Ойыл ауданында су тасқыны кезінде көпірге зақым келіп, орталықпен байланыс қиындады. Енді әскери жылжымалы көпір жол қатынасы реттелгенше халықтың пайдалануына беріледі.
Өңірде жүрген төтенше жағдайлар вице-министрі Серік Төленбергеновтың айтуынша, мұндай шешім үш күн бұрын қабылданған.
"Бір ай, бәлкім екі ай қажет болар. Жол жөнделгенше, көпір қалпына келгенше понтон-көпір осында болады. Жол қатынасы жоқ кішкентай ауылға қайықпен, вертолетпен жеткізіп тұрамыз. Мұндай шешім бірінші рет қабылданған. Қорғаныс министрлігіне рахмет айтқым келеді. Қолдап, жіберді. ҚТЖ 10 платформа, бір вагон берді. Қапшағайдан екі тәулікте жетті. Жылжымалы көпірдің 60 тоннаға дейін көтеру мүмкіндігі бар. Жүк көлігін, бірнеше жеңіл көлікті тасымалдай алады. Сағат сайын жүреді. Халыққа да ыңғайлы",- деді Серік Төленбергенов.
Қарулы күштердің көпір батальонының жеке құрамы жылжымалы көпірді бір сағатта құрап шықты.
"Су тасқынынан зардап шеккен Ойыл ауданына екі күнде жеттік. Қазір Ойыл өзенінде 60 тонналық понтон-көпір бар. Гуманитарлық көмек, жеке құрамды тасымалдауға пайдаланылады. 15 қызметкер, 8 әскери техника бар. Понтон-көпір Қазақстан бойынша 58012 әскери бөлімінде ғана бар. Соны халыққа көмек көрсету үшін Ақтөбе облысына әкеліп тұрмыз. Оны бұрын тек оқу-жаттығуға ғана пайдаланып келді",- деді 58012 әскери бөлім командирінің техникалық жөнінде орынбасары Тұяқбаев.
Аралда қалған аудан халқына әскери қызметкерлер төтенше жағдай жарияланғаннан бастап көмекке келген.
"29 наурыздан бастап ауданда төтенше жағдай жарияланды. Қорғаныс істері қызметкерлері эвакуация жасаған азаматтарды тамақтандыру жұмыстарына да қатысты. Көптоғай ауылына су келгенде қапқа құм салып, жолдарды бекіттік. Қазір келіп жатқан гуманитарлық көмекті күтіп алып, қайыққа тиеп, түсіріп жатырмыз. Демалысқа қарамадық. Қарулы күштер қызметкерлері де халықпен бірге", - деді Ойыл аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы Ернұр Асқаров.
Ал Ақтөбе облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, ауданға кіреберіс жолдың 350 метрін су шайып кеткен. Облыс орталығымен байланыстыратын көпір апатты жағдайда тұр. Су тасқыны кезінде 300 метрді құрайтын көпірдің екі тіреуі сыр берді. Бүгінде оның бір бөлігі пайдаға аспай қалды. Техникалық жағдайы туралы қорытынды алған соң көпірді түгел қайта салу жұмыстары жүргізіледі.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2080337-aqtobe-oblysynda-su-qorsauynda-qalgan-audan-xalqy-endi-askeri-zylzymaly-kopirmen-zuredi-foto/