Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көп мал сумен ағып кеткен": Қостанай облысында жүрген волонтер тұрғындардың неден қауіптенетінін айтты

Жарияланған күні:

Қостанай облысы
Қостанай облысы. Фото: Ерсұлтан Күзембаевтың жеке мұрағатынан

Қостанай облысында су тасқынының ауыр зардабын Торғай, Амангелді аудандары және Арқалық тұрғындары тартып отыр. Тасқын халықты баспанасынан, қорадағы малынан айырды. Қостанайлықтар су ағызып әкеткен малдың өлексесінен өңірде жұқпалы ауру тарай ма деп қауіптенеді. Ал облыс әкімдігіндегілер санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Өңір халқына көмектесуге барған волонтер Ерсұлтан Күзембаев қазір су тасқынынан зардап шеккен Торғай өңірінде қызмет етіп жүр. Волонтер Торғай, Амангелді ауданы және Арқалық қаласы маңайындағы суға кеткен ауылдарға келген гуманитарлық көмекті жеткізіп, халыққа табыстаумен айналысуда. Айтуынша, көп елді мекенге барар жол жабық. Тіпті кей ауылға азық-түлік тікұшақпен жеткізіліп жатыр.

"Біз көмек көрсетіп жатқан өңірлерде су апатына байланысты жол жабық, су шайып кеткен. Жарықсыз қалған, байланыс үзілген ауылдар бар. Тұрғындар баспанасынан айырылған, мал қырылған, сумен ағып кеткен. Біздің басты жұмысымыз – халыққа көмек көрсету. "Біз біргеміз" коғамдық қорынының атынан келген ерікті ретінде Торғай, Амангелді, Арқалық қаласы маңындағы ауылдарға азық-түлік, жарығы жоқ ауылдарға уақытша генераторлар, суға төзімді резеңке етіктер, баспанасыз қалған тұрғындарға уақытша киіз үйлер таратып жүрміз. Сондай-ақ үрмелі қайық, моторлы қайықтар алып, табыстап жатырмыз", - дейді Ерсұлтан Күзембаев.

Волонтерлер
Волонтерлер. Фото: Ерсұлтан Күзембаевтың жеке мұрағатынан

Еріктілердің апат болған ауылдарда қызмет етіп жүргеніне бүгін оныншы күн екен.

"Осы уақытқа дейін Торғайға бес рет барып қайттық. Сонымен қатар Тәуіш, Сужарған, Жаркөл тағы басқа ауылдарға ток беретін генератор, қайық, азық-түлік себеттерін алып барғанбыз. Ал Қызбел сияқты тағы басқа су апатының ауыр зардабы тиген ауылдарға тікұшақпен жеткізіп жатырмыз", - дейді ол.

Торғай өңірі
Торғай өңірі. Фото: Ерсұлтан Күзембаевтың жеке мұрағатынан

Ерсұлтан Күзембаев осы ретте су басқан ауыл тұрғындарының қорқынышын жеткізді. Айтуынша, жергілікті халық қырылған мал өлексесінен түрлі инфекция ауаға тарап кетпей ме деп қауіптенеді.

"Малдың қырылуы ертең осы өңірлерде түрлі ауру пайда болмай ма деген қауіп тудырып отыр. Осы мәселені ескерсе деп ойлаймын. Себебі, Торғай өңірінде жұрт негізінен мал шаруашалығымен айналысатындықтан, көп мал суға кетіп өлген, жоғалған. Сол мал иістеніп, ауру тарата ма деген ауыл тұрғындарының қорқынышы бар", - дейді Ерсұлтан Күзембаев.

қора
Қора. Фото: Ерсұлтан Күзембаевтың жеке мұрағатынан

Алайда Қостанай облыстық әкімдігінің ресми сайты су басқан аумақтардағы сумен жабдықтау объектілеріне бақылау күшейгенін хабарлады. Облыс басшылығының ақпаратын сүйенсек, өңірде санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

"Айта кетсек, су басқан аумақтардағы сумен жабдықтау обьектілерінін жұмысына, тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріндегі, сондай-ақ эвакуациялық пункттердегі суды дайындау және зарарсыздандыру технологиясын бақылау күшейтілді. Ауыз су мен азық-түлік өнімдеріне санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг ұйымдастырылды. Өңірдегі қауіпті аймақтарда 300-ден астам сынама зерттелді, сәйкессіздіктер анықталған жоқ. Сонымен қатар сібір жарасы мен мал қорымдары ветеринариялық қызметтердің ерекше бақылауында. Бүгінгі күні Тобыл өзенінің бойында немесе өзенге жақын су басқан жерлерде сібір жарасының ошақтары анықталмаған. Облыс тұрғындары үшін бұл мәселеге алаңдауға негіз жоқ", - делінген хабарламада.

Облыс әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Қостанай облысында қазір су тасқынына байланысты ішек инфекциялары, А гепатиті және басқа да вирустық инфекциялар тіркелмеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2080904-kop-mal-sumen-agyp-ketken-qostanai-oblysynda-zurgen-volonter-turgyndardyn-neden-qauiptenetinin-aitty/