Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жылағым келеді": Ақтөбе облысында су шайып кеткен Берсиев ауылының бүгінгі көрінісі қандай (фото)

Жарияланған күні:

Ауыл көрінісі
Шығанақ Берсиев ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысы Ойыл ауданына қарасты Шығанақ Берсиев ауылдық округіне тасқын судың зардабы ауыр тиді. Шатырға дейін су жеткен ауылдағы үйдің барлығы жарамсыз болып қалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Мұнда 236 үй, мыңнан аса тұрғын бар. Ауылда малға қараған ер адамдар ғана жүр. Эвакуациялық пунктер мен туыстарының үйін паналаған халықтың дені әзір көшіп келген жоқ. Түгелдей суға кеткен Шығанақ Берсиев ауылында 200-ден аса үй жарамсыз боп қалды. Эвакуацияланған тұрғындар қазіргі жағдай туралы айтты.

Берсиев ауылы
Берсиев ауылы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Аяғымызды жерге тигізбей көмек көрсетіп жатыр. 29 наурыздан бастап эвакуациялық пунктті паналап отырмыз. Қазір ауылда тұратын үй жоқ. Ауылдағы малына қарайлағандар мектепте тұрып жатыр. Былтыр салынған жаңа үйлер ғана құламаған. Құтқарушылар мен еріктілердің көмегімен аман қалдық", - дейді Берсиев ауылының тұрғыны Гауһар Тұрабаева.

ауыл тұрғыны
Ауыл тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

Аудан орталығындағы эвакуациялық пунктте жүз шақты адам қалған. Су тасқыны кезіндегі қиындықтарды көзіне жас алып, еске алған тағы бір тұрғын мұндай жағдайды бұрын-соңды көрмегенін айтты.

ауыл тұрғыны
Эвакуациялық пункттегі ауыл тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Ауылға су келген уақытта малға қарап қалған балам шөптің үстінде таңнан кешке дейін отырды. Балам осымен өмір бітті деп ойлаған, жылап жіберді. Оны ауылдың балалары қайықпен алып шыққан. Эвакуациялық пунктте барар жеріміз болмаған соң жүрміз. Жылағым келе береді. Біз мұндай суды бұрын көрген емеспіз. Жылда су келеді. Бірақ бұлай тасқынның ортасында қалып көрмедік", - дейді тұрғын Мейрамгүл Әбжамиева.

Ал ер азаматтардың дені тасқын кезінде де ауылдан шықпаған. Ондаған адам ауыл мектебін паналап отыр. Ауыл әкімі барлық үй, мектеп, балабақша, клуб, интернат, кітапхана, әкімшілік ғимаратының ішіне дейін су басқанын айтты.

"Ауылды су басқан кезде мектеп ішінде қалдым. Қасымда ауылдың 100-ге жуық жігіті болды. Ешқайда кеткен жоқпыз. Бүгін 10 күн болды. Су түгел тартылды. Көше кепті. Тасқын кезінде оңай болған жоқ. Халықты бірден мектепке шақырдық. Малын қамап жүріп суда қалып қойған адамдарды шығарып жүріп, өзім де мектепке жете алмай қалдым. Жиырма шақты адам болып, ауылдағы коттедждің үстінде отырдық. 5-6 сағаттан кейін ғана трактормен мектепке жеттік. Үлкен кісілер мен әйелдерді, бала-шағаны эвакуациялап, аудан орталығына жібердік. Жүзден аса адам малына алаңдап қалды. Екі күнде судың беті қайтты. Ағыс қазып кеткен жер көп. Ауылда 236 үй, 1182 тұрғын бар. Комиссия қарап жатыр. Қазір тоқ бар, қосылып жатыр. Ауыз суды тасып ішіп отырмыз. Әзірге сақтық үшін оны қоспадық", - деді Шығанақ Берсиев ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Шауменов.

Ойыл ауданында қазір облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы да жүр. Ведомство өкілдері ауданда жұмыс істеп жатқан әскери қызметкерлерді тамақтандыру жұмыстарын ұйымдастыруды да қолға алған.

"2 сәуірден бастап осындамыз. Ауданға келгенде көкөністің және ұнның азайғаны байқалды. Бірден жеткізу жұмыстары ұйымдастырылды. Алғашында 3 тонна, 8 тоннадан азық-түлік жеткіздік. Қосымша аудандағы шағын дүкендерге күн сайын қажетті заттарды газельмен жеткізіп, қайықпен тасымалдап отырмыз. Қор жеткілікті. Алыстағы ауылдарға дейін қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырмыз", - ведомство басшысы Алмас Салықбаев.

су басқан Берсиев ауылы
Су басқан Берсиев ауылы. Фото: ауыл тұрғындарынан

Облыс әкімінің ТЖ саласына жауапты орынбасары да төтенше жағдай жарияланған Ойыл ауданында жүр.

"Облыс әкімінің тапсырмасымен халыққа қажетті шараларды ұйымдастыру жұмысында жүрміз. Бірінші кезекте – электр қуатын қосу. Су тасқыны кезінде 12 ауыл жарықсыз қалды. Қазір 10 ауылда электр желісі толық жөнделді. Қалған екі ауылға электр генераторлары жеткізілді. Барлық ауылда жарық бар. Ауыз су мәселесі шешіліп жатыр. Басында тоғыз ауылда ауыз су болмады. Қазір жеті ауылда бұл сұрақ шешілді. Қалған екі ауыл бойынша санэпидемстанция қызметі рұқсат бергеннен кейін қосылады. Қазір су деңгейі түсті. Ахуал тұрақты. Су басқан Берсиев ауылында 236 үй суға кетті. Ондағы халықпен кездестік. Халық ол жерден көшкісі келмейді", - дейді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев.

Айтуынша, зардап шеккендерге арналған үйдің жобасы барлығында бірдей болады. Сол негізде Құрылыс министрлігінде жұмыс басталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2081048-zylagym-keledi-aqtobe-oblysynda-su-saiyp-ketken-bersiev-auylynyn-bugingi-korinisi-qandai-foto/