Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әйелі – жүк 200": Сотта Нүкенова қайтыс болған күні мейрамханада Бишімбаевтан жауап алған сәттің видеосы көрсетілді

Жарияланған күні:

Қуандық Бишімбаев сотта
Қуандық Бишімбаев сотта. Фото: t.me/Jogargy_sot

Елордада Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы жалғасты. Салтанат Нүкенова қайтыс болған түні айыпталушыны қамауға алғаннан кейін бірден жауап алу кезінде түсірілген видео көрсетілді. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Сотта ұсынылған бейнежазбалар полицейлердің бірінің видеожетонына түсірілген. Олар BAU мейрамханасына дәрігерлер ғимаратта әйел өлімі болғанын хабарлаған соң барған.

"Достық, 16-дағы BAU мейрамханасындағы шақырту. Әйелі мен күйеуі, жанжал, күйеуі әйелін өлімші қылып ұрған. Әйелі – жүк 200. Күйеуі ұсталды (...) Ол абдырап тұр, мойындайды, "иә, оны мен өлтірдім" дейді", - деп хабарлайды мейрамханаға келген полиция қызметкері рация арқылы.

Айта кетейік, "жүк 200" деген – мәйітті жерлеу орнына тасымалдау кезінде қолданылатын шартты кодталған таңба.

Одан кейін Бишімбаевтың қолына кісен салынып, үстелге отырғызады. Видеодан оның сөзінің үзіндісі естіледі. Айта кетерлігі, полиция жетонына жазылған дыбыс "таза" емес, сондықтан сөздері анық естілмейді.

Полицей: Ол қалып, кешке ғана табылды ма?

Бишімбаев: Оны тастап кеткен жоқпын, мен осында болдым, ол сонда болды. Дем алып жатқан, қорылдады, ұйықтап жатты.

Полицей: Төбелес бүгін таңертең болды ма?

Бишімбаев: Түнде. Мен қызу болғанмын. Бәрі таңертеңгі жетілерде басылды.

Полицей: Содан соң сіз осында болдыңыз, ол ешқайда кеткен жоқ па?

Бишімбаев: Иә, ол бір кезде ұйықтап қалды, мен түсіне алмадым. Біз ішімдік ішкенбіз. Бір кезде ол құлап түсіп, қорылдай бастады, мен інімді шақырдым, ол 8 не 9-да келді. Мен оны ініммен бірге үйге апарғым келді, бірақ інім маған ол ұйықтап жатыр, ұйықтай берсін деді.

Онан соң Бишімбаев су сұраған, өйткені оның қолы кісенделіп тұрған, полиция қызметкері оған бөтелкемен су берген. Біраз уақыттан кейін Бишімбаевтың қолындағы кісен шешіліп, ол темекі сұраған.

Бишімбаев: Біз мұнда ешкім жоқ кезде келдік. Сағат 9-10-да қалай келгенімізді бәрі көрді, бірақ ол кезде ұрыспағанбыз. Біз жай ғана сөйлесіп, шампан іштік. Темекі шегуге бола ма?

Полицей: Қазір сыртқа шығамыз, сонда шегейік, қоғамдық жерде темекі шегуге болмайды.

Бишімбаев: Бұл менің мекемем ғой.

Полицей: Сонда да, әкімшілік кодекс бәріне бірдей.

Айта кетейік, полиция жетонындағы видеода Бишімбаевты полицияға қалай апара жатқаны көрсетілген, ол кетіп бара жатқанда, әйелімен жиі ұрсысытанын айтып, "Салта, кешір, кешір" дегенді қайталай берген.

Сот отырысы онлайн режимде көрсетіліп жатыр. Оны мына жерден көруге болады.

Бүгін қайғылы жағдай болған түні BAU мейрамханасында жөндеу жұмыстарын жүргізген қызметкерден жауап алынды.

Сегізінен тоғызыншы қарашаға қараған түні мейрамханада жөндеу жұмыстарын жүргізген қызметкерлер ерлі-зайыптының арасындағы жанжалға куә болған. Олар Нүкенова мен Бишімбаевты көріп, VIP бөлмедегі шуды естіген. Сот отырысы барысында қайғылы жағдай болған түні жұмыс істеген дизайнер Данияр Мейірбековтен жауап алынды. Ол түнде мейрамхана әкімшісіне жазып, болған жайт туралы хабарлаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2081450-aieli-zuk-200-sotta-nukenova-qaitys-bolgan-kuni-bisimbaevtan-meiramxanada-zauap-algan-sattin-videosy-korsetildi/