Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбеде кеме командирі сотталды

Жарияланған күні:

судья балғасы
Судья балғасы. Көрнекі фото: pexels.com

Шекара күзетінің кемесінен кеме отыны құйылып, сатылған. Кеме командирі мен жағалау күзеті "Абай" маневрлік тұрақтау бекетінің старшинасы ұрлық жасағаны үшін сотталды. Бұл туралы Ақтөбе гарнизоны әскери сотының үкіміне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Айыптаудан белгілі болғандай, жағалау күзеті "Абай" маневрлік тұрақтау бекетінің старшинасы шекара қызметінің күзетші кемесі командиріне кеме отынының бір бөлігін заңсыз құйып алып, сатуды ұсынған, ол келіскен.

Мемлекеттік шекараны қорғау бойынша жауынгерлік кезекшілік кезінде командир ережені бұзып, белгіленген бағыттан ауытқып, кемені "Абай" маневрлік тұрақтау бекетіне қарай бұрған. Онда кеме отынының бір бөлігі баржаның резервуарына құйылып, кейін старшина мен командир оны Маңғыстау облысының тұрғындарына төмендетілген бағамен өткізген. Ал отынды тасымалдау үшін тәртіптік объект аумағына жүк көліктері заңсыз кіргізілген.

Нәтижесінде старшина мен командирдің бұл қылмыстық әрекеті әшкере болды. Олар "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" (ҚР ҚК 189-бабы 3-бөлігі 2-тармағы) бабы бойынша сотқа тартылды.

Бұл іс Ақтөбе гарнизонының әскери сотында қаралды. Сот-экономикалық сараптамасының қорытындысына сәйкес, шекаралық кемеден жалпы сомасы 3 млн 416 мың теңге болатын кеме отыны заңсыз ағызылғаны мәлім болды.

Айыпталушы сержант кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, баржадағы ақаулы кранды жөндеу кезінде кеме отынып ағызып, қайта құю үшін жақын маңдағы Құрық ауылы тұрғындарының көлігі пайдаланылған. Ол көліктерді аумаққа кіргізу заңсыз екенін түсінген, бірақ шұғыл жөндеу жұмысын жүргізу қажет болғандықтан, солай істеуге мәжбүр болған. Нәтижесінде мәселені өз бетінше шешіп, басшылыққа хабарлауды ұмытып кеткен. Ол кеме отынын ешкімге сатпағанын алға тартты.

Ұрлық жасады деп айыпталған кеме командирі де сотта бұл қылмысты жасамағанын айтқан. Оның нұсқасы бойынша, ол клапанды тексеру үшін әріптесінің өтініші бойынша"Абай" маневрлік тұрақтау бекетіне жүзіп барған. Ол үшін 5 тоннадай кеме отынын құйып алып, кейін қайта құйған. Ол қызметтік тергеу бойынша салыстыру есептерімен келіспеді, өйткені кей кездерде кеме мүлде кезекшілікке шықпаған.

Сот сотталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін анықтап, олардың әрекеттері Қазақстанның мемлекеттік шекарасының қауіпсіздігіне қауіп төндіргенін атап өтті. Старшина мен командир әскери шенінен және 3 жылға бас бостандығынан айрылды, оларға өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2083310-aqtobede-keme-komandiri-sottaldy/