"Кез келген уақытта су тасқыны болуы мүмкін": Орал әкімі тұрғындарға видеоүндеу жасады
Жарияланған күні:
Орал әкімі Миржан Сатқанов су тасқынының екінші толқыны жақындап келе жатқанын ескертіп, кейбір аудандардың тұрғындарын эвакуациялануға шақырды, деп хабарлайды Орал қаласы әкімдігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның ресми Instagram-дағы парақшасында жариялаған ақпаратқа сүйенсек, Оралда су тасқыны қаупі сақталады. Мамандардың айтуынша, алдағы 2-3 күнде Ресей Федерациясындағы Ириклин су қоймасынан ағатын су деңгейі көтерілуіне байланысты Жайық өзенінің де су деңгейі көтерілуі мүмкін.
Қазір Жайық өзеніндегі су деңгейі 8 метрге жақындап, қауіпті деңгейге, яғни 8,5 метрге жеткен.
Әкім су тасқынының алдын алу жұмыстарына жергілікті атқарушы орган мен Төтенше жағдайлар департаментінің барлық күші жұмылдырылғанын айтты.
Қазір су тасқынын алдын алу іс-шараларына 350 арнайы техника мен 2 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Көмекке облыстың өзге де аудандары мен аумақтарынан әскери қызметкерлер, төтенше жағдайлар қызметінің қызметшілері және еріктілер келген.
"Ең бастысы – азаматтардың қауіпсіздігі. Сондықтан Курени, Старица және Коминтерн аудандарында орналасқан саяжай учаскелерінің тұрғындарын шұғыл эвакуациялау қажет. Себебі бұл аудандарда су басу қаупі өте жоғары.
Ірі көлемдегі су кез келген уақытта келіп жетіп, үйлеріңіз су астында қалуы мүмкін. Өзіңіздің және жақындарыңыздың өміріне қауіп төнбес үшін тез арада отбасыңыздың, достарыңыздың үйлеріне немесе тәулік бойы жұмыс істейтін эвакуациялық орталықтарға көшіңіз", - деді Миржан Сатқанов.
Сондай-ақ әкімдік ақпараты бойынша, азаматтар барлық сұрақ бойынша қалалық штабқа 24-05-70 және 24-01-94 телефон нөмірлері арқылы қоңырау шала алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2084939-kez-kelgen-uaqytta-su-tasqyny-boluy-mumkin-oral-akimi-turgyndarga-videoundeu-zasady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.