Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"90-жылдардағыдай": Бестөбенің бұрынғы тұрғыны елді мекендегі заңсыздықтар туралы айтып берді

Опубликовано:

Бестөбедегі шахта
Бестөбедегі шахта. Фото: t.me/POLICE_of_KZ

Ақмола облысындағы Бестөбе ауылының бұрынғы тұрғыны "алтын ауылдағы" жантүршігерлік жайттарды баяндады. Оның айтуынша, елді мекенде "адамдар жұмбақ жағдайда көз жұмып, қанды қақтығыстар болып, жемқорлық өршіп жатыр". Әлі күнге дейін Бестөбеде тұратын жақындарының өмірі мен денсаулығына қауіптенген ер адам өзінің жеке басын ашқысы келмеген. Оның сөзіне сенсек, тұрғындар үрейленгені сонша, мәселені көтеруге өжеті жетпей жатыр. Толығырақ KAZ.NUR.KZ материалынан оқыңыз.

Атышулы видео EGOV.PRESS Instagram-парақшасында жарияланған.

Белгісіз адам үндеу жасап, билік өкілдеріне жанайқайын жеткізген. Оның айтуынша, Бестөбе бейресми заңдары мен ережелері бар, алтынмен алынатын міндетті алым-салықтары бар шағын бір мемлекетке айналып кеткендей. Ал егер міндетті салығын төлемесе, тіпті кісі өліміне де әкеп соғуы мүмкін. Бұған ауылдағы өмірді адам төзгісіз, қауіпті қылған заңсыз алтын қазушылар жауапты.

Бестөбе Ақмола облысындағы ең бай алтын кеніштерінің бірінің жанында орналасқан. Бұл кен орны алтынның көптігімен танымал. Еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті шетелден алтын қазушылар осы кен орнына көз тіккен. Ауылдың бұрынғы тұрғынының айтуынша, кен орнынан заңсыз алтын қазу жұмыстарының ауқымдылығы сонша, оған алтын өндірумен айналысатындардың барлығы қатысады десе болады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті неге шара қолданбайды?

Ер адамның сөзінше, Бестөбедегі билікті заңсыз алтын қазатын қылмыстық топтар басып алған. Олар дәстүрлі емес діни ағым өкілдері. "Сақалдылардың" қарақшылық шабуылы 2017 жылы басталған. Содан бері олар Бестөбеден алтын ұрлаған қылмыстық топтардың арасында жетекші топтардың біріне айналды. Аноним автор заңсыз жолмен алынған ақша радикал экстремистік ұйымдарды қаржыландыруға жұмсалуы мүмкін деп қауіптенеді. Оның үстіне мәселе тоғыз сандық сомамен байланысты.

"Осыдан 4-5 жыл бұрын шахталар жұмыс істеп жатқанша заңсыз алтын қазумен айналысатындар айына 70 келіге дейін алтын ұрлаған, яғни жылына 13-тен 15 миллиард теңгеге дейін байығанын естідім. Тек Бестөбеде ұрланған кеннен жылына шамамен 60 келі алтын шығады, бұл жылына 1,8-ден 2 миллиард теңге – ол да аз сома емес. Бұл ақша да игі іске жұмсалуы мүмкін еді! Билік өкілдерінің тек құжат бойынша емес, іс жүзінде қылмыспен күресуіне уақыты келген сияқты", - деп санайды ол.

Сондай-ақ ол жағдайға мән берілмесе, бұл қылмыстық топтар өзге шахталарды басып алып, кейін "бүкіл елді тізе бүктіреді" деп қауіптенеді.

Жергілікті тұрғындардан келушілерге дейін заңсыз алтын қазумен айналысады

Ер адамның сөзіне сенсек, заңсыз алтын қазумен жергілікті тұрғындардың басым бөлігі айналысады.

"Жергілікті тұрғындар жеке үйлерінің аумағына, қораларына және гараждарына "құбырлар" орнатады, бұл құбырлар арқылы, әрине, ақылы түрде заңсыз алтын қазушылар шахталарға түседі. Бәрі де жеңіл ақша тапқысы келеді, өйткені олардың қолы былғанбайды, бұл инеге көптеген адам ілінген", - деді ол.

Оның әңгімесіне сүйенсек, заңсыз алтын қазушылар жер астында азық-түліктен бастап жезөкшелерге дейін барлық қажеттілікпен қамтамасыз етіледі. Ол үшін шахтерлардың көмегіне жүгінеді. Оларды не бопсалайды, не пара береді.

"Естуімше, әйелдер аяғының екі ортасына алтын салып, алып шығатын. (Қылмыскерлер - ред.) шахтаға емін-еркін кіру үшін тіпті кеңірдегінің тұсына пышақ тақап, туыстарын үркітіп, жұмысшылардың рұқсат қағазы мен арнайы жабдықтарын күштеп тартып алған кездер де болған", - дейді видеоның авторы.

Қанға боялған алтын

Оның айтуынша, заңсыз көшіп келгендердің арасында шетелдіктер, оның ішінде бұрын қылмыс жасағандар да көп.

"Яғни, қаншалықты орасан қауіп екенін аңғарып отырған боларсыздар? Қылмыстық элементтер емін-еркін ауылды аралай алады, бүгін шахтадан алтын ұрласа, ертең ол үшін оп-оңай біреуді зорлап, өлтіріп, жазық далада көміп тастауы мүмкін. Негізі шахталарымыздан жиі адамның денелері табылып жатады, бірақ оларды тыныш қана шығарып тастап отырады. Ресми нұсқа бойынша, оларға тас құлап, үйінді астында қалса немесе су басса, бейресми нұсқа бойынша - аумақ үшін талас-тартыс кезінде кісі өлтірілгені анық", - деді ол.

Бестөбе тұрғындары жиі қанды қақтығыстар, соның ішінде атыстар болатын елді мекенде өмір сүруге мәжбүр. Мәселен жылдар бойы мұнда ауылдың ішкі істер бөлімінің бастығын өлтіру, "Қазақалтын" көлігіне қарулы шабуыл, шахтадағы күзетшілерді ұрып-соғу, халықты қорқытып-үркіту, жемқорлықтың кең етек алуы сынды қылмыстар болған. Бестөбе пара алу кезінде ұсталған жоғары лауазымды полицейлерге қатысты даулы жаңалықтарымен танымал. Олардың барлығы заңсыз алтын қазушылардың қылмыстарына көз жұма қараған.

"Бағалы қағаздарды да оңай сатып алады немесе физикалық зорлық-зомбылықпен қорқыту арқылы шахтаға кіргізеді, көптеген мысал бар. Күзетшілер үнемі ауыстырылып отырады, бірақ бұл еш нәтиже бермейді. Бестөбедегі тарифтерді бәріне мәлім – 120-дан 150 мыңға дейін теңге. Бұл жүйе кез келген адамға пара беруге болатындай етіп құрылған, себебі қылмыскерлер не де болсын жазасыз қалмақ", - деп атап көрсетеді анонимді автор.

Бестөбе тұрғыны билікке бағытталған үндеуінде ұсталған заңсыз алтын қазушылар неліктен қайтадан бостандыққа шығып жатады, оларды кім, неліктен босатады деген сауал қойды.

Полиция қандай пікір білдірді?

Бестөбедегі заңсыз алтын қазушылардың қылмыстары туралы анонимнің баяндамасына қатысты Ақмола облысы полиция департаментінің өкілдері пікір білдірді.

"Полиция департаменті басылым авторы айтқан куәгерлігі мұқият тексеріліп, расталмағанын хабарлайды", - деді полиция департаментінің өкілдері.

Сондай-ақ департамент өкілдерінің айтуынша, "Бестөбе аумағында ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасалғаны туралы деректер тіркелмеген".

Құқық қорғау органдары Бестөбе кеніндегі заңсыз алтын қазудың алдын алуға бағытталған профилактикалық және жедел іс-шаралар мерзім сайын жүргізіліп жатқанын айтты.

"2023 жылы бұл өңірде 218 заңсыз алтын қазушы ұсталып, жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 165 адам әкімшілік қамауға алынып, 53-іне айыппұл салынды. 2024 жылы 10 сәуірдегі жағдай бойынша 292 заңсыз алтын қазушы ұсталды: 247-сі әкімшілік қамауға, 45-сіне әкімшілік айыппұл салынды.

2024 жылдың басынан бері 4 жерасты өткелдері анықталды, олар заңсыз алтын қазушылардың түсуі мен адам өлімінің алдын алу мақсатында жойылған", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар ведомство өкілдері халықты тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды, алайда видео кейіпкерінің пікірінше, бұл мәселеге көз жұмылып жатыр.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты, ішкі істер министрі Ержан Сәденовті, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты, Қазақстанның бас прокуроры Берік Асыловты Ақмола облысы, Бестөбе ауылындағы заңсыз алтын қазу мәселесіне назар аударуға тағы мәрте шақырамын", - деді видео авторы өз үндеуінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2085563-90-zyldardagydai-bestobenin-buryngy-turgyny-eldi-mekendegi-zansyzdyqtar-turaly-aityp-berdi/

pixel