Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тегіне қарамастан жазаға тарту керек": депутаттар су тасқынына жол берген шенеуніктерді жазалауды талап етті

Опубликовано:

Қарғын су басқан аумақ
Петропавлдағы су тасқыны. Фото: t.me/aqorda_resmi

Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында қарғын судың тасуына жол берген лауазымды тұлғаларды жазалауды ұсынды. Депутат бұл президент пен елдің талабы екенін жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында мәжілісмен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін еске салды:

"Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет" деді президент.

Шынымен, жұмысына салғырт қараған мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысының лауазымына, тегіне қарамастан жазаға тарту керек. Бұл президенттің және елдің нақты талабы", - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутаттың бұл талабын әрптесі Ринат Зайытов та құптады.

"Тосыннан келген топан суды қанша жерден табиғи құбылыс десек те, апатқа кінәлі адами салғырттықтар да бар. Дәлелімен айтсақ, Атырау облысы мен Құлсары қаласының маңынан заңсыз салынған су бөгеттері, жергілікті биліктің көктемгі су тасқынына әлсіз әзірленгені, сын сағатта абдыраған жұрттың әрекетін үйлестіре алмауы да осындай салдарға әкеліп соқты.

Жергілікті билікпен жауапты министрліктер оған дейін дабыл қаққан әріптестерім Д. Тұрғанов, Б. Базарбек Жылой аудандық мәслихатының депутаты С. Сәрсенбаевтардың депутаттық сауалдарына бей-жәй қарағаны да бұл апаттың бір себебі деуге әбден болады.

"Бөренеден аттаймыз" деп есеп беріп, сіріңкеге сүріне беретін мемлекеттік органдардың шалағайлығы жауапқа тартпаса жалғаса береді ғой.

Сондықтан президентіміз айтқандай жауапкершілік алудан қашып, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратын қызметкерлер мен жергілікті ірі компаниялар әрекеттері жазалануы тиіс", - деді Ринат Зайытов.

Нартай Сәрсенғалиев келтірген дерек бойынша, Құлсарыда 2900 үй су астында қалған.

Батыс Қазақстан облысында қазірдің өзінде 1226 үйді, 1905 саяжайды су басып қалған. 450 үй қирап қалды.

"Ендігі қатер Жайық өзенінен. Жайықтың көрші елдегі ең жоғарғы деңгейі 11,87 метр болды, енді сол су біздің елге қарай жөңкілеп келеді.

Жайық өзені Батыс Қазақстан облысының 600 шақырым жеріне ағып өтеді, ондағы арнаның ең биік нүктесі 8,5 метр. Демек келе жатқан су қалыптағыдан 3 метрден астам жоғары. Жайықтың бойында 84 елдімекен бар, ол жақта 126 мың адам тұрады деген дерек алдық. Ел елеңдеп отыр, үрей де жоқ емес.

Су басқан өңірлердегі басты мәселенің бірі – өтемақы, ол халыққа жедел және әділетті, толық көлемде төленуге тиіс. Комиссиялар су кеткенін күтпей қазірден бастап үйлерге жүзіп барып аралық акт жасауы шарт. Бұл – өңірдегі басты мәселеле", - деді депутат.

Мәжілісменнің пікірінше, елдің қазіргі жағдайына 30 жыл бойғы салғырттық пен 30 жыл бойғы жемқорлық кінәлі.

"Қазір судың ағынымен қатар, ақпарат ағыны да қауіп төндіріп тұр. Қарапайым халықты кедейлікке әкелген бұрынғы жүйенің бай-бағландары қазіргі табиғи апаттан ұпай жинау үшін жанталасып жатыр.

...Қазіргі су тасқынының бетін қайтаруға тиіс болған бөгеттер мен бөгендердің салынбауы, каналдардың ретке келтірілмеуі 30 жыл бойғы салғырттық екенін, 30 жыл бойғы жемқорлық екенін тәуелсіздік алғалы қазақты қан қақсатып тонағандар мойындағысы келмейді әрине. Қазақстандағы су қоймалары мен бөгеттер 50-70 жылдары салынған. 1990 жылдан ол жерлер жөндеу көрмеген. Жаңа су қоймалары салынбаған", - деді депутат Нартай Сәрсенғалиев.

Ол ғылымға жағдай жасалмауынан биылғы су тасқынының алдын алу мүмкін болмаған деп санайды. Оның сөзінше, 90-жылдардың тоқырауында 40 мың ғалым саланы тастап кетуге мәжбүр болған.

"Осынша олқылыққа, яки қылмысқа жол берген 30 жылдық ескі жүйенің шабармандары, бүгінгі жаңа буынға қарсы ақпараттық соғыс ашып әлек.

Олар жалған ақпараттың жарға жығатынын білсе де, ағайынды арандату үшін барын салып әлек. Бірақ қазақтың бірлікті бірінші орынға қоятынын және ұлтының қамын құлқынының қамынан артық қойғандарды ұмытпайтынын білу керек олар", - деді депутат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2086388-tegine-qaramastan-zazaga-tartu-kerek-deputattar-su-tasqynyna-zol-bergen-seneunikterdi-zazalaudy-talap-etti/

pixel