"Ұршықты теріс иірген": этнограф қарғын судың бетін қайтару үшін әжелер жасаған ырымның мәнін түсіндірді
Жарияланған күні:
Тасқын судың бетін қайтаруға ақжаулықты әжелер де атсалысып жатыр. Олардың бірі қапқа топырық толтыруға көмектесіп жатса, енді бірі апаттың бетін қайтару үшін түрлі ырымдар жасауда. Желіде Жайықтың жағасында ұршығын теріс иіріп отырған, ақ жаулығын суға жапқан әжелердің әрекеті қызу талқыланып жатыр. Massaget.kz тілшісі осы ырымға қатысты этнограф Болат Бопайұлының пікірін ұсынады.
Желіде тарап кеткен видеоның бірінен ақ жаулықты әженің Жайық жағасында ұршық иіріп отырғанын көруге болады.
"Қазақтың ырымы ұршықты теріс иіріп, судың иірімін кері қайтарады деген соң Жайықтың жағасына келіп, осындай ырымды жасап жатырмын. Алла ниетімізді қабыл етсін. Су патшасы Сүлеймен, ағысыңды теріс бұр, жазыққа бұр. Ей Алла, иіріміңді халыққа емес, кең жазық далаға бұр" , - дейді видеода ол.
Кейін ол жаулығын шешіп, суға жабады. Зейнеткердің сөзінше, жаулықты тастағанда жау да кері қайтқан.
"Су патшасы Сүлеймен, суыңды қайтара көр!" деп аналық орамалымды, ақ жаулығымды жауып жатырмын. Аллам, халқыма тыныштық бере көр! Су тасқынынан құтқара көр!", - дейді ол.
Желіде жарияланған видеолардың бірінде тағы бір әже ұршық иіріп отырғанын көреміз.
"Теріс иірген жіп иірімді кейін қайтарады деген қазақтың нанымы болған", - дейді ол.
Этнограф Болат Бопайұлының сөзінше, бұл – тек су апатына қатысты емес, басқа да жаман нәрселерге қарсы жасаған халықтың ырымы.
"Кезінде тасқын су болғанда, жұмыстары маңдымағанда, апалар сондай ырымдар жасайтын. Ол байырғы замандағы ырым. Сол арқылы жүдеген көңілге медет береді.
Ол кезде қазатын, су алдын тосатын нәрселер жоқ. Үйдегі кішкентай балалар болады ғой. Солар "су тоқтай ма, апат кете ме?" дегенде шабыттандыру үшін "апаң ұршықты кері иіргенде су қайтады" деп балалардың көңіл-күйін орнына түсірген. Жылап отырған балаларды алдаусыратқан. Балалар соған қарап отырып, "апам ұршық үйіреді, су қайтады" деген. Кейін бәрібір су қайтады ғой, содан қалып қалған ырымдар.
Басқа да жамандықтарға қатысты, жұқпалы ауру тарап кеткенде, соғыс, шапқыншылық болған кезде, ұры-қары малды тонағанда, жаудың, жамандықтың бетін қайтару үшін істелген нәрселер.
Үйдегі балалар қорқып қалмауы үшін солай тыныштандырған. Олар сол нәрсеге сеніп, "апамыз ұршықты кері иіріп жатыр, жамандықтар қайтады" деп ойлаған", - деді сарапшы.
Сонымен қатар жазушы, этнограф суға ақ жаулық тастаудың да мәнін түсіндірді.
"Ол да бағзы заманнан қалған ырым. Бұрын дау болғанда ерлер алдына тымағын тастаған. Сол секілді. Табиғаттың дүлей нәрсесіне шарасыздан жасаған, "жамандық осымен кетсін" деген ырымы", - деп түйіндеді сөзін Болат Бопайұлы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2086439-su-patsasy-suleimen-suyndy-qaitara-kor-qargyn-sudyn-betin-qaitaru-usin-azeler-zasagan-yrymga-etnograf-pikir-bildirdi/