"Балаларды алдап, тауға дейін шығардық": Ақтөбе облысында су тасқыны кезінде жапан далада қалған 9 адам құтқарылды (видео)
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері су тасқынынан зардап шеккен 9 адамды тікұшақпен құтқарды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Ырғыз ауданында Қорғаныс министрлігінің ұшқыштары су тасқынынан зардап шеккен 9 адамды құтқарды.
Министрлік ақпараты бойынша, су тасқыны кезінде жалғыз қалып қойған адамдар мұнарада интернет пен телефон байланысынсыз отырған.
"Жергілікті адамдар көлігімен ең жақын ауылға жетуге тырысқанмен, ол суға батып кеткен. Балалармен, қолындағы үш айлық нәрестесімен олар әупірімдеп мұнараға жеткен. Отбасы Ырғыз ауданының жергілікті мектебіне орналастырылды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ құтқарылғандардың бірі су тасқынынан қалай аман қалғанын әрі тікұшақты күткенге дейін қандай қиындықтарды басынан өткергенін баяндап берді.
"Тікұшақ келді. Бұрылып келе жатқанда қуанып кеттік. Көп күттік. Таңертең 8-де шыққанмен, тікұшаққа 4-те міндік қой біз. Мен өзімді ойламасам да, балаларымды ойладым. Құмда ұйықтадық. Өзіміз тоңсақ та киімімізді шешіп, үш айлық баламды күртемен (орадым - ред.). Балалар түгілі өзіміз шаршадық. 2 километр тауға шықтық. Жаңғал, сай-сала. Балалармен құлап-сүрініп, жеттік. Су сұрады, тамақ сұрады. Жүрегіміз ауырды. "Міне, жетеміз, қазір тікұшақ сендерге шырын, тамақ әкеледі" деп алдап-алдап, әйтеуір тауға дейін шығардық", - деді құтқарылған келіншек.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2086544-balalardy-aldap-tauga-deiin-sygardyq-aqtobe-oblysynda-su-tasqyny-kezinde-zapan-dalada-qalgan-9-adam-qutqaryldy-video/