Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ қанша үй су астында қалып отырғанын айтты
Жарияланған күні:
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Динара Нұрғалиева жедел ақпарат ұсынып, 19 715 адам үйіне оралғанын мәлімдеді. ТЖМ мәліметінше, бүгінде 5 989 жеке тұрғын үй, 1 091 аула аумағы су астында қалып отыр, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілінің айтуынша, су тасқыны басталғаннан бері барлығы 118 180 адам құтқарылып, эвакуацияланған, оның ішінде 44 254 бала. Су тасқынына қарсы іс-шаралардың арқасында 19 715 адам үйіне оралды. Эвакопункттерде 8 821 адам қалады, оның ішінде 3 885 бала. 4 370 тұрғын үй мен 2 737 аула аумағынан су бұрылды.
"10,5 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 3,4 млн қапшық және 1,4 млн астам тонна инертті материал төселді. Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында 5 989 жеке тұрғын үй, 1 091 аула аумағы су астында қалуда", - деді ТЖМ өкілі.
ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының психологтары су тасқыны қаупі бар өңірлердің тұрғындарына шұғыл психологиялық және ақпараттық көмек көрсету мақсатында тәулік бойы кезекшілікті атқаруда. Жедел желі телефонына 1 971 қоңырау түсті.
Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 44 137 адам, 4 642 техника, 858 су сору құралы, 341 жүзу құралы, 12 әуе кемесі жұмылдырылды, сондай-ақ волонтерлер де белсенді қатысуда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2087606-qazaqastandagy-su-tasqyny-6-mynga-zuyq-turgyn-ui-su-astynda-qalyp-otyr/