Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

1,2 миллион теңге ұсынылған: Жетісу облысында аудармашы жезөкшелер үйінде қызмет еткен

Опубликовано:

Қыз
Көрнекі фото: pixabay.com

Жетісу облысында үш тілді жетік меңгерген әйел жезөкшелер үйінде аудармашы болып жұмыс істегені үшін жазаланды. Бұл туралы Жетісу облысының сотына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Соттың Telegram-дағы ресми арнасы жариялаған ақпаратқа сүйенсек, адамдар тобының алдын ала сөз байланысуы бойынша жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды (ҚК-ның 309-бабының 2-тармағының 1) тармақшасы). Қылмыстық істі Жетісу облысы Панфилов аудандық соты қараған.

Сот мәліметіне сәйкес, қазақ, орыс және қытай тілдерін жетік меңгерген ҚХР тумасы Ж. 2023 жылдың ақпанында Панфилов ауданы Достық ауылындағы қонақ үй кешенінің басқарушысы ҚХР азаматына жұмысқа тұрған.

"Үш ай жұмыс өтілінен кейін ҚХР азаматы қазақ және орыс тілдерін білмегендіктен әрі заңсыз табыс табу, жезөкшелікпен айналысу үшін притон ұйымдастыру мен ұстау мақсатында өзінің қылмыстық жоспарын сотталушыға бөліскен. Бұл ұсынысқа ҚХР тумасы келіскен соң оған 1,2 миллион теңге сомасында ай сайынғы жалақы ұсынылған", - деп анықтады сот.

ҚХР азаматында қонақ үй кешенін жалпы басқару міндетін орындаған, сондай-ақ ол қылмыстық іс-әрекетті жоспарлаумен әрі клиенттерді іздеумен айналысқан.

"Өз кезегінде сотталушы клиенттер мен жезөкше қыздар арасында аудармашы болып, притондағы мінез-құлық ережелерін белгілеген және жезөкшелікке баулу мақсатында әйелдерді іздеген", - деп жазылған іс материалдарында.

Аудармашы әйел 2023 жылғы қазанның аяғына дейін жұмыс істеген.

Прокурор аудармашыны 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұрады.

Адвокат сотталушы өзінің кінәсін мойындағанын, жасаған ісіне өкінгенін ескеріп, Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып, оны шартты жазаға кесуді сұрады.

Осылайша сот әйелді кінәлі деп танып, оны 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сотталушы жазасын орташа тәртіптегі түзеу мекемесінде өтейді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2087672-12-million-tenge-usynylgan-zetisu-oblysynda-audarmasy-zezokseler-uiinde-qyzmet-etken/

pixel