Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі оның бірнеше рет қол көтергенін айтты
Жарияланған күні:
Астанада әйелін өлтірді деген күдікке ілінген бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі әлеуметтік желіде бұл оқиғаға қатысты өз пікірін белсенді білдіріп жүр. Назым Қаһарман көлемді сұхбат беріп, бұрынғы күйеуінің агрессия көрсетіп, қол көтергенін де айтып берді.
Экс-министрдің бұрынғы әйелі Назым Қаһарман Әсел Қожақованың авторлық "Умные люди" youtube-арнасында сұхбат берді. Ол өзі жайында, Бишімбаевпен таныстығы және тұрмыстағы өмірі жайында сөз қозғады.
"Мен қазір барлығын мазалап жүрген негізгі сұрақты қойғым келіп отыр. Қуандық сізге қол көтерді ме, жоқ па?" Яғни физикалық тұрғыдан қысым көрсетті ме?" - деп сұрады бір кезде жүргізуші Назымнан.
"Бәріміз де бұл оқиғаның адам шошырлық фото, видеосын көрдік... 14 жыл бірге тұрған өмірімізде санасам, 6-8 рет ауыр заттар лақтырып, итеріп жіберген кездері болыпты. Бірақ бәрін айналдырып әкеліп, "өзің құладың", "саған лақтырмадым, басқа жаққа лақтырдым" деп ақталатын. Кейде қолымнан жұлқып, жанында тұрған нәрсені ұрып жіберетін", - деп жауап берді Назым Қаһарман.
Подкаст авторы ажырасуларына себеп болған, шегіне жеткізген оқиға жайында сұрады.
"Бір күні менің еш кінәм жоқ болса да, өзімен-өзі ұрыс шығарып, мені жұлқылай бастады. Мен телефонды ала салдым да, полицияға хабарластым. Себебі бұған дейін "өзің құлап қалдың" деген сияқты сылтаулардың қажеті жоғын айтқан едім. Мен оған соңғы рет мүмкіндік берген едім.
"Саусағыңның ұшын тигізсең, полицияға хабарласамын" деп, полицияға хабарласқан кезімде, ол (ред. - Бишімбаев) қатты ашуланып, телефонымды дәретханаға батырып жіберді. Содан соң... қазір тағы да унитаз жайында әңгіме болады. Унитаздың қақпағын жұлып алып, маған қарай лақтырды. Мен асүйге қашып, тығылып үлгердім, алайда ол есікті сындырып кірмекші болды. Сол кезде асүйден атып шығып, ұлдарыма қарай қашып үлгердім..." - деп баяндап берді басынан өткен оқиғалары жайында Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі.
"Осы оқиғадан кейін 2 ай өткенде, дос болып қалмадық, бірақ бейбіт жолмен ажырастық", - деп қорытындылады сөзін Назым Қаһарман.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2089268-quandyq-bisimbaevtyn-buryngy-aieli-onyn-birnese-ret-qol-kotergenin-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.