Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жердің талқанын шығарды": Алматы облысында ауыл тұрғындары жайылымның сатылғанына наразылық танытты (видео)

Опубликовано:

Даладағы жылқылар
Даладағы жылқылар. Көрнекі фото: pixabay.com

Алматы облысындағы Рахат ауылында мал жайылымдарының орнында құрылыс жұмыстары басталған. Салдарынан ауыл тұрғындары мал бағу үшін жер жеткіліксіз деп наразылық танытып отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Almaty арнасына сілтеме жасап.

Телеарна ақпараты бойынша, тұрғындар көп жыл бойы Рахат ауылында мал бағып, егінмен айналысып келген. Алайда қазір алқаптардың басым бөлігі жекенің меншігіне өтіп, жайылымдардың орнында құрылыс жұмыстары басталған.

Құрылыс аумағының ауданы 5 гектар. Әзірге жайылымда үй мен жол салынған. Ал алдағы уақытта бұл аумақта шаруа қожалығын салу жоспарланып отыр.

"Рахат ауылында үш мың отбасы тұрады. Елдің малы жайылатын жерді сатып алып, жердің талқанын шығарып, күреп жатыр. Мал суғарып жүрген жолды қоршайтын болды", – деді Рахат ауылының тұрғыны Ақбұрхан Шыңғысов.

Ауыл әкімі жер телімі жекеменшікке өткенін растады. Оның сөзіне сүйенсек, шаруа қожалықтары паймен беріліп, барлық құжат заңды түрде рәсімделген.

"Ауылдың жартысынан көбі мал бағады. Бір машина топырақ, тас алсақ айыппұл төлейміз. Баяғыда осы жерден шөп шауып, таситынбыз", – деді Рахат ауылының тұрғыны Берік Рахметов.

Кәсіпкерге тау қыраттарындағы топырақты қазуға болмайтыны ескертілген. Бірақ талап ескерусіз қалған. Даулы жер телімі бойынша ауданнан арнайы комиссия құрылып, тексеріс жүргізіледі.

"Бірінші дау басталған жекеменшік жерді ауыл тұрғыны сатып жіберген. Жайылым мемлекет меншігінде емес. Ал топырақты қазуға қатысты құзырлы орган өкілдері түсіндірген болатын. Таудың жолын түзеп, асфальт салуға болмайды", – деді Рахат ауылдық округінің әкімі Қайсар Бөгісбаев.

Кәсіпкердің айтуынша, шаруа қожалығына бару үшін жол керек, сондықтан ол қазу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр. Сондай-ақ ол бұл әрекетінің заңды екеніне сендіреді. Дегенмен тұрғындар сотқа жүгінбек.

"Жеке адамнан заңды сатып алдым. Жекеменшік жерімді қоршап, жылқыларым ішінде жайылады. Қыста екі техника құлады. Сондықтан тас төсеп жатырмын", – деді жер иесі Қайрат Кәрібаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2089397-zerdin-talqanyn-sygardy-almaty-oblysynda-auyl-turgyndary-zaiylymnyn-satylganyna-narazylyq-tanytty-video/

pixel