Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Петропавл әкімі тұрғындарға басқа баспана іздеуді ұсынды

Жарияланған күні:

Петропавлдағы жағдай
Петропавлдағы жағдай. Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Петропавл қаласының әкімі тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға басқа баспана іздеуді ұсынды. Әзірге көлкіген суда қалған үйлердің жарамдылығы толық тексерілген жоқ. Десе де төрт қабырғасы қақырап, қайта қалпына келтіруге болмайтын баспаналар көп көрінеді. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Телеарна тілшілерінің мәліметінше, тасқын су қаладағы екі мыңнан аса үйді шайып өткен. Арнайы комиссия шығынды толық есептеу үшін "су тартылуы керек" дейді.

Дегенмен мамандар қазірдің өзінде қайықпен жүріп, мүлдем жарамсыз болып қалған баспаналарды есепке ала бастады.

Мәселен, Подгора мен Косагор шағын аудандарында тұруға жарамсыз 12 үй анықталған.

Оларға қала әкімі Серік Мұхамедиев басқа баспана іздей беруге болатынын айтты. Бірақ кімге қандай үй берілетіні белгісіз. Қазір Петропавлдағы Солнечный шағын ауданында тасқыннан зардап шеккендерге 100 үй салу үшін құрылыс аумағы әзірленіп жатыр екен.

"Тұрғын үй қорынан 18 пәтер әзірленіп жатыр. Мердігер компаниялармен меморандумға да қол қойылды. Коммерциялық тұрғын үйлерден 197 пәтер сатып алу көзделуде. Оның 67-сі — бір бөлмелі, 103-і екі және 27-сі үш бөлмелі пәтерлер. Қаладағы риелтерлермен де жұмыс жүргізіліп жатыр. Сатылымда 204 пәтер бар екен", - деп келтіреді әкімнің сөзін телеарна.

Сондай-ақ, Петропавлға тасқынның екінші толқыны жетіп, құрғап қалған жерлерді қайтадан су баса бастағаны айтылады. Есіл өзенінің арнасы сағат сайын екі сантиметрге көтеріліп жатыр екен.

Тілшілердің мәліметінше, қазір облыс орталығы мен қала іргесіндегі Қызылжар ауданына қауіп төніп тұр. Бұл жерлер алғашқы тасқында су астында қалған. Қазір құтқару қызметі мен өзге де мамандар бар күшін осы аумаққа салып жатыр. 

Дереккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2090651-petropavl-akimi-turgyndarga-basqa-baspana-izdeudi-usyndy/