Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"ҰБТ бөлек кестемен өткізіледі": тасқыннан зардап шеккендерге қандай қолдау көрсетіліп жатыр

Опубликовано:

Қайық су бетімен жүзіп барады
Петропавлдағы су тасқыны. Фото: t.me/aqorda_resmi

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың тұрғындарына әлеуметтік төлемдер бекітілген мерзімнен бұрын беріліп жатыр. Мұндай режим биылғы 1 қыркүйекке дейін сақталады. Үкіметтің Telegram-дағы ресми арнасында бұдан бөлек қандай көмектер көрсетіліп жатқаны жөнінде ақпарат жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, мүгедектігі бар азаматтарды қайта куәландыру мен бірінші кварталда атаулы әлеуметтік көмекті алып жүргендер үшін қайта тағайындау мерзімдері 1 шілдеге дейін автоматты түрде ұзартылды.

Жеке тұрғын үйі немесе жалғыз тұрағы болып саналатын саяжайын су басып, қалпына келтіру мүмкін болмай қалған азаматтар үшін мәселені екі түрлі жолмен шешу ұсынылған:

  • жаңа үй салу;
  • өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекіткен шекті сома аясында азаматтардың таңдауына сай нарықтан дайын баспана сатып алу.

Тасқын судан зардап шеккендер үшін қарастырылған 100 АЕК көлемінде бір реттік төлем 11 мыңнан аса отбасыға төленді.

Өтелмеген несиесі бар азаматтар мен кәсіпкерлерге банктер мен микроқаржы ұйымдары 1 сәуірден бастап 30 маусымға дейінгі аралықта берешекті өтеу мерзімін ұзартуды қарастыруда. Бұл аралықта зардап шеккендерге айыппұлдар салынбайтын болады. Аймақ әкімдіктері 5 мыңнан аса азаматтың және 110-нан аса бизнес субъектілерінің тізімін жасаған.

Эвакуациялық орталықтарда болған 4 мыңнан аса бала сауықтыру лагерлеріне, колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақханаларына, Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім инновация лицейлерінің интернаттарына орналастырылды. Бұған қосымша 4 мыңнан аса орынға резерв дайындалды.

Зардап шеккен 6 аймақтағы түлектер үшін ұлттық бірыңғай тест бөлек кестемен өткізіледі.

Барлық медициналық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қажетті дәрі-дәрмек қоры әзірленген.

Эпидемиологиялық бригадалар құрылып, жапа шеккен аймақтардағы ауыз су сапасы мен ерекше қорғалатын аумақтар тұрақты бақылауға алынған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2090585-ubt-bolek-kestemen-otkiziledi-tasqynnan-zardap-shekkenderge-qandai-qoldau-korsetilip-zhatyr/

pixel