"Қоймадан 255 млн теңге алған: Ақмола облысында банк директоры мен кассир сотталды
Жарияланған күні:
Ақмола облысында жұмыс берушінің ақшасын ұрлаған банк филиалының директоры мен кассирге қатысты сот үкімі шықты. Салдарынан қоймада 255 миллион теңге жетіспегені анықталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ақмола облысы сотының Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап.
Облыстық соттың Facebook-те жариялаған ақпаратқа сүйенсек, Степногорск қаласында екінші деңгейлі банк бөлімшесінің директоры кассирмен сөз байласып, банктің ақшасын жымқырған. Салдарынан банкке аса ірі мөлшерде материалдық шығын келген.
"2022 жылғы қараша-желтоқсанның ішінде кассир директордың нұсқауы бойынша 1 млн, 3 млн, 8 млн теңге көлемінде банктің қоймасынан ақша алып, директорға тұрақты түрде беріп отырған. Банк басшысы ақша салуға арналған пакеттер мен сөмкені алдын ала кассирге дайындап, кейін оны банк ғимаратынан шығарған", - делінген іс материалдарында.
Тексеру актісі нәтижесі бойынша, банк бөлімшесінде 255 млн теңгеден астам қаражат жетіспегені анықталған.
Сотталушылардың кінәсі тексеру актісімен, аудиторлық есеппен, ақшаның жетіспеуі туралы сараптама қорытындысымен, куәгерлердің айғақтарымен, сотталушылардың өздері мойындаған айғақтармен, банктің бейнебақылау камераларынан алынған жазбалармен және істің өзге де материалдарымен дәлелденді.
"Осылайша "Ш." және "К." сөз байласып, қызмет бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде қаражат жымқырған (Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы).
Жаза тағайындау кезінде сот "Ш."-нің өз кінәсін мойындағанын, ал "К."-нің жасы мен оң сипаттағы мінездемесін жеңілдететін жағдайлар деп танып, ауырлататын жағдайлардың болмағанын есепке алды.
Сот үкімімен "Ш." мен "К." 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталушылар ұйымдар мен мекемелерде 5 жылға материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды", - деді судья.
Облыстық сот баспасөз қызметінің дерегінше, келтірілген залалды өндіріп алу бөлігінде жәбірленушіге азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгіну құқығы түсіндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2091167-qoimadan-255-mln-tengge-algan-aqmola-oblysynda-bank-direktory-men-kassir-sottaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.