Атырау облысында пәтер өртеніп, екі бала көз жұмды: оқиғаға қатысты тың ақпарат шықты
Жарияланған күні:
Читать на русскомПолицейлер екі бала қаза тапқан Атырау облысы Индербор ауылындағы пәтерге қасақана өрт қойылуы мүмкін деп мәлімдеді. Кісі өліміне күдікті ұсталды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
ПД мәліметінше, 25 сәуірде сағат таңғы 05:40 шамасында Индер ауданы Индербор кентінде тұрғын үйдің пәтерлерінің бірінде түтін шығып жатқаны туралы хабарлама түскен.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде пәтер толықтай жанып кеткен.
"Пәтердің жатын бөлмесінен 10 және 7 жастағы балалардың өлі денелері табылды. Сондай-ақ , 28 жастағы балалардың анасы мен 30 жастағы ер адам ес-түссіз күйде табылып аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген", - делінген хабарламада.
Аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы оқиға орнынан жанар май иісі бар құты қалдықтарын анықтаған.
Жақын жердегі жанар май бекетінен бензин сатып алған 31 жастағы жәбірленушінің танысы бейнекамералар арқылы анықталды. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті тез арада ізін суытпай Орал қаласына бағыт алған жерінен ұсталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Қазіргі таңда күдіктіге қатысты басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату, екі немесе одан да көп адамды өлтіру, аса қатыгездiкпен, басқа адамдардың өмiрiне қауiптi тәсiлмен, төтенше жағдай кезінде жасалған және жасөспірімдерді өлтіру дерегімен қылмыстық іс қозғалып тергелуде. Аталған бап бойынша белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бас бостандығынан өмір бойына айыруға жазасы көзделген", - делінген ПД таратқан хабарда.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2091398-atyrau-oblysynda-pater-ortenip-eki-bala-koz-zhumdy-kudikti-ustaldy/