Шымкентте полицейлердің атын жамылып, ақша бопсалаған күдіктілер ұсталды (видео)
Жарияланған күні:
Шымкентте ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері полиция қызметкерлерінің атын жамылған үш адамды ұстады. Бұл туралы ІІМ ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің Polisia.kz ақпараттық медиа-порталында жарияланған мәліметке сүйенсек, ұсталғандар тәртіп сақшыларының атын жамылып, ақша бопсалады деген күдікке ілінген.
"Қаскүнемдер полиция қызметкерлерінің атын жамылып, тұрақты түрде ақша бопсалаумен айналысып, "қорғауға" аламыз деп, ай сайын төлем талап еткен.
Күдіктілердің бірінен полиция қызметкерінің жалған қызметтік куәлігі тәркіленді. Ал екінші күдікті алаяқтық үшін бұрын сотталған болып шықты", - дейді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Ол мұндай әрекеттер міндетін адал атқаратын ішкі істер органдары қызметкерлерінің беделіне нұқсан келтіретінін атап өтті.
"Сондықтан оларға қатаң түрде тосқауыл қойылатын болады. Күдіктілердің барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бопсалау, тонау және билік өкілі атағын өз бетінше иемденіп алу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір олардың осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр", -деді Әлекешев.
Кінәсі дәлелденсе, күдіктілер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2091509-shymkentte-politseilerding-atyn-zhamylyp-aqsha-bopsalagan-kudiktiler-ustaldy-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.