Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ресейдегі "Крокустағы" терактіден кейін Қазақстандағы қандай сауда орталықтары тексерілді

Жарияланған күні:

Сауда орталығы
Көрнекі фото: pixabay.com

Ресейдегі "Крокустағы" терактіден кейін қазақстандық прокурорлар ірі сауда орталықтары мен адам көп жиналатын басқа да орындардың қауіпсіздігін тексеруге кірісті. Бұл туралы Бас прокуратураға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Бас прокуратура баспасөз қызметінің хабарлауынша, жергілікті прокурорларға сауда және ойын-сауық орталықтарының басшыларымен кездесіп, келушілерді түрлі қауіп-қатерден қорғау мәселесін талқылау тапсырылды.

Мұндай тапсырманы бас прокурор Берік Асылов берді.

"MEGA Silk Way", "Керуен", "Сарыарқа", "Хан Шатыр", "Азия парк" сауда ойын-сауық орталықтарының, "Magnum" супермаркетінің басшыларымен жер-жерде кездесулер өтті", - деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.

 Хабарланғандай, сауда орталығының басшылары нысандарды қорғауды күшейту шараларын ұсынып, терроризмге қарсы және өрт қауіпсіздігі жүйелерін қолданатынын көрсетті.

Прокурорлар персоналды әртүрлі қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ету дағдыларына практикалық оқытуға баса назар аударуды ұсынды. Басты назар қорғау мен күзету жүйелеріне заманауи цифрлық шешімдерді біріктіруге жасалды.

Қорытындысы бойынша тараптар осындай кездесулердің пайдалы екендігін атап өтті. Олар пікір алмасуға, бірлескен әдістерді енгізуге және қауіптерге қарсы тұру жағдайына ықпал етеді.

Мұндай кездесулер басқа өңірлерде де өткізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Мәскеудегі "Крокус Сити Холл" концерт залында болған терактіден кейін мәжіліс депутаты Айдос Сарым Қазақстан да бұл оқиғадан сабақ алып, адам көп жиналатын жерлерді тексеру керек екенін айтқан болатын.

"Крокус Сити Холл" ғимаратындағы теракт

22 наурызда кешке Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласындағы "Крокус Сити Холл" ғимаратында атыс пен өрт болғанын хабарлады. Бұл жерде "Пикник" тобының концерті өтуі керек еді.

Бұл оқиғадан кейін Ресей Тергеу комитеті терактіге қатысты қылмыстық іс қозғады. Ресей Федеральды қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников терактіге байланысты 11 адамның, оның ішінде "Крокус-Сити Холлдағы" терактіге тікелей қатысы бар төрт лаңкестің ұсталғанын хабарлады.

24 наурыз Ресейде ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.

Кейінгі мәлімет бойынша "Крокус-Сити Холлдағы" лаңкестік әрекеттің салдарынан 144 адам көз жұмып, тағы 551 адам зардап шеккен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2091998-reseidegi-krokustagy-teraktiden-keiin-qazaqstandagy-qandai-sauda-ortalyqtary-tekserildi/