Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

78 млн теңге шығын келген: Қостанайда 70 адамды алдаған туристік агент сотталды

Жарияланған күні:

Судья
Судья. Көрнекі фото: KamiPhotos / Getty Images

Қостанайда 70 азаматты алдап, 78 млн теңгесін иемденген жалған туристік агент сотталды. Ол 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Жоғарғы соттың Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап.

Дереккөз ақпараты бойынша, сотталушыға екі және одан да көп адамға қатысты ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған алаяқтық бойынша айып тағылды (ҚК 190-бабының 3-бөлігі 1, 3, 4-тармақтары).

"2021 жылдың ортасынан бастап Ф. жеке кәсіпкер ретінде шарттық қарым-қатынаста жұмыс істеп тұрған туроператорлардың турпакеттерін сатумен айналысқан.

Ол клиенттік базаны қалыптастырып, азаматтардың сеніміне ие болғаннан кейін клиенттердің ақшасын иемдену үшін қылмыстық әрекетке кіріскен.

Ф. 2022 жылдың маусымынан 2023 жылдың маусымына дейін турагент атын жамылып, азаматтарға туризм пакеттерін ұсынған.

Іс жүзінде ол өз міндеттемелерін орындамай, Жапония, БАӘ, Түркия, Дубай, Египет, Таиланд, Вьетнам және өзге де елдерге бару үшін жәбірленушілердің төлеген қаражатын иемденген", - деп жазылған іс материалдарында.

Дереккөз мәліметіне сүйенсек, жәбірленушілер сотталушыдан еш күдіктенбеген, себебі жәбірленушілер бұған дейін сотталушыдан турпакеттер сатып алған немесе достарының ұсынысы бойынша жүгінген және туристік сапарлардың құнын алдын ала толық төлеген.

Алаяқтықтың құрбаны болған көптеген азамат алданғаны жайлы тек ұшып шыққан күні, кейбірі әуежайда білетін.

"Сотталушыға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқан кезде оның бірі сыныптасы екі азаматты алдап үлгерген. Оның қылмыстық әрекетінің салдарынан 70-ке жуық жәбірленушіге 78 миллион теңгеден астам ірі көлемде материалдық шығын келтірілген", - делінген хабарламада.

Сотталушы өз кінәсін мойындаған. Сондай-ақ оның кінәсі өзге жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, банк шотынан алынған көшірмелермен, сондай-ақ т.б. іс материалдарымен дәлелденді.

Жоғарғы сот баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, прокурор сотталушыны 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесуді сұрады.

Сонымен қатар сотталушы келтірілген материалдық шығынды өтей алмағандықтан жәбірленушілердің басым бөлігі оны заң шеңберінде қатаң жазалауды сұраған.

Ал сотталушының тарабы бас бостандығынан айырудан бөлек жаза тағайындауды өтінді.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініп, жәбірленушілерге өтемақы төлеуге міндеттенді.

Судья сотталушы өз кінәсін мойындағанын әрі жасаған қылмысына шын жүректен өкінгенін, ауырлататын факторлардың болмағанын есепке алып, оған туризм саласындағы қызметпен 6 жыл айналысуға тыйым салды және 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2092682-78-mln-tengge-shygyn-kelgen-qostanaida-70-adamdy-aldagan-turistik-agent-sottaldy/