Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"159 млн теңге жымқырған": әскерилендірілген теміржол күзетінің экс-қызметкерлері сотталды

Опубликовано:

Судья
Судья. Көрнекі фото: KamiPhotos / Getty Images

Астанада "ӘТЖК" ЖШС бұрынғы қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты. Олардың әрқайсы бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, деп хабарлайды елордалық сотқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"2024 жылғы 29 сәуірде Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Н., М. және С.-ға қатысты "ӘТЖК" ЖШС аса ірі мөлшерде зиян келтіре отырып, ақшалай қаражатын иемдену фактісі бойынша (ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы) және Н.-ға қатысты лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша (ҚК 361-бабы 1-бөлігі) үкім шығарды", - делінген сот хабарында.

Сотта анықталғаны, Н. есімді адам ЖШС бас директоры бола отырып, бас директордың орынбасары М.-мен және бас менеджер С.-мен алдын ала сөз байласып, бейнебақылау жүйесіне арналған жабдықтар кешенін сатып алуға арналған 159 млн теңгеден астам аса ірі мөлшердегі ЖШС ақшалай қаражатын иемденген.

Сондай-ақ Н. өз өкілеттігін асыра пайдаланып, С.-ны ЖШС-нің құрылымдық бөлімшесіне көлік жүргізушісі ретінде жұмысқа орналастырып, өзінің жеке мақсаттары үшін пайдаланған. Осылайша жалақы түрінде төленген 1,5 млн теңгеден астам сомада ЖШС-не залал келтірілген.

Сотта прокурор айыпты қолдап, сотталушыларға 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Ал сотталушылар кінәсын мойындамай, ақтауды сұрады. Жәбірленушінің өкілі соттың қалауы бойынша жаза тағайындауды, сондай-ақ азаматтық талапты қанағаттандыруды сұрады.

Алайда айыпталушылардың кінәсі ЖШС қызметкерлерінің куәгерлерінің айғақтарымен, аудиторлық қорытындылармен, сараптамалармен, сондай-ақ қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

  • Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша санкция мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  • Қылмыстық кодекстің 361-бабының 1-бөлігі бойынша санкция мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 2000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Сот сотталушылардың жас балаларының болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

  1. Сот үкімімен Н. ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша және 361-баптың 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырыла отырып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
  2. М. мен С. ҚК-нің 189-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда белгiлi бiр лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жәбірленуші тараптың азаматтық талабы келтірілген залал сомасы шегінде кінәлі адамдардан ынтымақты тәртіпте өндіріп алынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2093261-159-mln-tengge-zhymqyrgan-askerilendirilgen-temirzhol-kuzetining-eks-qyzmetkerleri-sottaldy/