Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қарағандыда күйеуі бұрынғы әйелін пышақтап өлтірді: марқұмның туыстары мәлімдеме жасады

Опубликовано:

Пышақ ұстап тұрған ер адам
Пышақ ұстап тұрған ер адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қарағандыда екі баланың анасын бұрынғы күйеуі пышақтап өлтірді. Мас күйде әйелін пышақтап өлтірген 51 жастағы ер адам сот шешімімен тергеу абақтысына қамалды. Ал марқұмның туыстары полицейлердің жазаға тартылуын талап етіп отыр, деп хабарлайды KTK арнасы.

Қарағандыда ер адам бұрынғы әйелін екі баласының көзінше өлтірді деген күдікке ілінді. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қайғылы жағдай болатын күні бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында жанжал шыққан.

Телеарна тілшісінің мәлімдеуінше, 16 және 14 жастағы қыз бен ұл қанды қылмысты көзімен көрген. Үнемі отбасындағы жанжалда таяқ жейтін анасы қансырап жатса да, балаларынан мұны ешкімге айтпауды сұраған.

"Әкелері шығып кеткен соң, балаларына "әжелеріңе айтпаңдар" депті. Содан есінен танған. Үнемі таяқ жейтін, бізге айтпайтын, жасырады екен. Кейін біліп, полиция шақыртып жүрдік. Бірақ олар келеді де кетеді. Сол қылмыстары үшін қамалған да емес", - дейді марқұмның анасы Рысбала Өмірзақова.

Қылмыс болатын күні кешкілік жанжал шыққанда ұлы полиция шақырған. Сақшылар арызды қабылдап алып, кетіп қалған. Осыдан кейін күдікті қолына пышақ алған. Марқұмның туыстары өз ісіне салғырт қараған полицейлер жауапқа тартылғанын талап етіп отыр. Сондықтан адвокаттың көмегіне жүгінуге мәжбүр.

Қарағанды облысы полиция департаменті аталған жағдай бойынша қызмет тексерісін бастаған.

"Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу жеке бақылауымда. Осы дерек бойынша полиция қызметкерлеріне, сондай ақ олардың басшыларына қызмет тергеуі тағайындалды. Қорытындысына қарай қатаң жауапқа тартылады", - деді Қарағанды облысы ПД бастығы Нығмет Исмағұлов.

Телеарна ақпаратынша, 52 жастағы марқұм күдіктімен он жыл бұрын заңды түрде ажырасқан. Кейін татуласып, бірге тұрып келген. Бірақ соңғы айда бұрынғы күйеуі жұмыстан шығып қалып, үйде жүрген көрінеді.

Дреккөз: КТК

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2093369-qaragandyda-kuieui-buryngy-aielin-pyshaqtap-oltirdi-marqumnyng-tuystary-malimdeme-zhasady/