"Ауыр дертпен күрестім": 17 жастағы оқушы қыз "ерекше балалардың" арманы туралы мультфильм түсіріп жатыр
Жарияланған күні:
Абай облысының тумасы Диана Мурзағалиева "ерекше балаларға" қолдау білдіріп, олардың арманы жайлы ертегі желісі бойынша мультфильм түсіруде. 17 жастағы қыздың өзі де кезінде сол бүлдіршіндердің қатарында болған. Ол ауыр дертпен ұзақ уақыт күресіп, соңында оны түбегейлі жеңіп шыққан. Диана Мурзағалиева басынан өткен қиын кезең мен түсіріп жатқан мультфильмі жайлы KAZ.NUR.KZ тілшісіне берген эксклюзивті сұқбатында толығырақ айтып берді.
- Диана сұқбатқа келіскеніңізге көп рақмет. Өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз
- Менің есімім - Диана Мурзағалиева. 17 жастамын. Қазіргі уақытта Астана қаласында тұрамын. Бірақ негізі Абай облысы Семей қаласының тумасымын. №91 мектепте 11-сыныпта оқимын. Мен көпбалалы отбасынанмын. Әкем - әскери қызметкер, анам үй шаруасында.
- Білуімізше, сізге қойылған диагноз жеңіл емес. Бұл сырқаттан қалай айықтыңыз? Оған шығармашылықтың қандай да бір септігі тиді ма?
- Кішкентай кезімде дәрігерлер маған дизартрия диагнозын қойды. Ата-анам менің алғашқы сөзімді күтті. Алайда мен сөйлемейтінмін. Кейде түсініксіз тілде сөйлейтін едім. Әкем тіпті 7 жасыма дейін менің сөздерімді түсінбейтін. Ата-анам мені алғаш рет дәрігерлерге апарғанда оларға менің сырқатым БЦП-ның бір түрі екенін түсіндірген. Яғни тілімнің кей бөлігі мен бетімнің төмен жағы қозғалмайтын еді. Менің күйім инсульт алған ересек адамдарға ұқсас болды. Дәрігерлердің сөзінше, менің бұл дертке шалдығуымның бірден-бір себебі - ластанған экология. Емделіп шығатыныма ешкім кепілдік бермеді.
Дұрыс сөйлей алмай қатты қиналдым. Тілім маған бағынбады. Ауладағы қатарластарым мені мазақ етті. Балалық шағым ауруханалар мен оңалту орталықтарында өтті десем де болады. Сол жерде өзіме көп дос таптым. Олар менің түсініксіз тілімді түсінетін, ойыншықтарымен бөлісетін. Мен ұзақ емделдім. Семейден кейін әжем мені Астанаға Санкт-Петербургтан келген дәрігерге қаратты. Содан кейін жағдайым жақсарды. Дұрыс сөйлей бастадым. Десе де мектепте 9 жасқа дейін қиналдым. Тақтаға шығып, сабақ айту мен үшін қиын болатын. Көбіне жазуға мықты болдым. Бар ойымды күнделігіме жазып жүрдім.
- Ертегі жазумен қай уақыттан бері айналысасыз? Бұл ерекше өнерге қалай келдіңіз?
- Карантин кезінде уақыт көп болды. Сол кезде сырқатым жайлы көп оқи бастадым. Өзім сияқты дертке шалдыққан балаларды іздеп, олардың ата-аналарымен сөйлестім. Оларға өз басымнан өткен жағдайды баяндап, қолдауымды білдірдім. Жақсы орталықтарды ұсынып, өзім оларға психолог сияқты болып кеттім. Ол кезде жақсы сөйлеп үйренсем де, достарым болмады. БЦП диагнозы қойылған балалармен араласа бастадым. Солардың арқасында қорқынышымды жеңіп, адамдармен сөйлесуден қашпайтын болдым. Өзім сияқты ауыр дертпен күресіп жатқан балаларға, олардың ата-аналарына үлгі болуым керек деп ойладым. Солай 14 жасымда ерекше балалар мен олардың арманы жайлы ертегіні жазып шықтым.
Онда экология мәселесін де көтердім. Мен мүгедек балалардың әлі достары жоқ екенін жазып жатқанда қатты жыладым. Ертегімді әлеуметтік маңызы бар әдебиет ретінде шектеулі тиражбен 200 дана шығарды. Бұл ертегім қоршаған ортаға ерекше мән беруге тәрбиелеп қана қоймай, біреудің өмірін құтқарып қалса деген ойда болдым. Сол себепті кітаптарды өзім сата бастадым. Тапқан пайдамды (400 мың теңге) қатерлі ісікке шалдыққан балалардың еміне жібердім.
- Мультфильм түсіру идеясы қалай келді?
- Кітаптарды сатып, артынан оны оқыған адамдардың пікірін білген соң ертегім бойынша мультфильм түсіргім келді. Қарапайым балаларға мүгедек бүлдіршіндердің өмірі мен арманын көрсеткім келді. Табиғатты аялау керек екенін түсіндіргім келді. Бұл ойымды іске асыруға көмектесетін режиссерді ұзақ іздедім. Көптеген ұйымға жаздым. Екі жыл бойы осы арманмен өмір сүрдім десе де болады. Ақыры Қуаныш ағаны таптым. Ол кісіге ертегімді жіберіп, оны үш тілге аударып тастадым. Оған қазақша нұсқасы ұнап, мемлекет қаржыландыратын киножобалардың байқауына қатысуды ұсынды.
Мультфильмнің сценариі мен тәрбиелік мәні сарапшы комиссия өкілдерінің көңілінен шығып, мемлекеттік қаржыландыруға ие болдық. Жеңісімізге ұзақ уақыт сене алмай жүрдім. Себебі біз тәжірибелі мамандармен бақталастық. Сол кезде менен бақытты адам болмады", - деді Диана.
- Режиссерлер оқушының туындысына кино түсіруге қалай қарады және қандай баға берді?
- Қазақфильм режиссерлері бұндай жағдай кино тарихында алғаш рет болып жатқанын айтты. Олардың айтуынша, мен осындай жоғары деңгейде фильм түсіріп жатқан алғашқы оқушы екенмін. Мен оған аса мән бермедім. Себебі бұл менің арманым болды. Мен үнемі өзіме "бекер емделмеген шығармын" деген сұрақты қоямын. Мен түрлі ауыр дертке шалдыққан мүгедек балалардың көзі, құлағы, дауысы болуым керек болған шығармын деп ойлаймын.
- Ертегі жайлы қысқаша айтып берсеңіз?
- Бұл - ерекше балалардың арманы туралы ертегі. Оның кейіпкерлері менің балалық шағымдағы достарым. Тек аттары ғана ауысқан. Дарханның көзі көрмейтін, Марина аутизмге шалдыққан, Мұстафа арбаға танылған, Динара сөйлей алмайтын. Мультфильм "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" КЕАҚ қолдауымен Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырымен түсіріліп жатыр. Ол "Ұлттық кино" статусына ие болады.
- Ауыр дертпен күресіп келе жатқан балаларға айтарыңыз?
- Барлығы менің жолым болды деп жатады. Бірақ мен ұзақ уақыт күресіп, осындай нәтижеге жеттім. Берілмей дертіммен соңына дейін күрестім. Сол себепті басқа балаларға да күресуден, білім алудан шаршамаңдар дегім келеді. Бұл өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ. Бұл басымыздағы шектеу ғана. Адам түрлі сынақтан өте алады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2093594-auyr-dertten-aiyqqan-17-zhastagy-qyz-erekshe-balalardyng-armany-turaly-multfilm-tusirip-zhatyr/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.