Қайрат Сатыбалдыұлының іздеу салынған туысы әлі табылмаған
Жарияланған күні:
Бүгін Антикор Қаратау кенішіндегі уран өңдеу кәсіпорнын жаңғырту кезінде 862 млн теңге жымқыру фактісі бойынша тергеу аяқталғанын мәлімдеді. Бұл іс бойынша Қайрат Сатыбалдыұлының туысы Бақтияр Байсейітовтің аты аталады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Қаратау" ЖШС бұрынғы басшылығына ("Қазатомөнеркәсіп" ҰАК АҚ еншілес ұйымы), "Iri building" ЖШС мердігерлік ұйымының директорына, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау өкілдеріне қатысты тергеуді аяқтағаны мәлім болды.
Мердігер 2019-2021 жылдары Түркістан облысы Созақ ауданындағы Қаратау кенішінде уран өңдеу кәсіпорнын жаңғырту жобасын іске асыру шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына бөлінген 862 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінген.
"Жымқыру авторлық, техникалық қадағалау өкілдерінің қолдауымен және "Қаратау" ЖШС басшылығы тарапынан немқұрайлылық салдарынан жасалған", - делінген Агенттік хабарламасында.
Ведомство өкілдері қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілгенін, "Iri building" ЖШС-нің нақты иесі іздестіріліп жатқанын мәлім етті.
2022 жылы Антикор Бақтрияр Байсейітов "Iri building" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметін тікелей басқарып, объектінің құрылысына түсетін ақшалай қаражатты бөліп отырғанын хабарлаған болатын.
"Тергеу барысында Байсейітов Сатыбалдыұлымен туыстық байланыста болуын пайдалана отырып, бақылауындағы компанияны "Iri building" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі лоббилендіріп отырғаны анықталды", - делінген Антикордың сол жолы таратқан хабарламасында.
Бұған қоса "Қаратау" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кәсіпорны мен квазимемлекеттік сектор субъектісімен 2019 жылы "Қаратау" кеніші бойынша 6,2 миллиард теңге сомасына құрылыс жұмыстарына шарт жасасқаны айтылған.
"Байсейітов "Iri building" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметін тікелей басқарып, объектінің құрылысына түсетін ақшалай қаражатты бөліп отырған. Бұл ретте жабдықтың бір бөлігі жеткізілмеді, ал оған арналған қаражат заңсыз шығарылып ұрланған", - делінген хабарламада.
Ведомство өкілдері Байсейітовтің заңсыз әрекеттері Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сараланғанын және оған іздеу жарияланғанын хабарлаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2093633-qairat-satybaldyulynyng-izdeu-salyngan-tuysy-ali-tabylgan-zhoq/