Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Біз біргеміз!" жалпыұлттық телемарафоны: 10 республикалық телеарна 5 сағат бойы үздіксіз хабар таратты

Опубликовано:

"Біз біргеміз" телемарафоны
"Біз біргеміз" телемарафоны. Фото: "Qazaqstan" телеарнасы

Бірлік күні қарсаңында алғаш рет қазақстандық 10 телеарна бірлесіп "Біз біргеміз!" жалпыұлттық телемарафонын өткізді. Елімізде соңғы 80 жылда болған ең ірі табиғи апат – су тасқынына байланысты ұйымдастырылған тікелей эфир 5 сағатқа жалғасты.

Телемарафон барысында "Qazaqstan", "Хабар", "Jibek Joly", "Еуразия", "КТК", "31 арна", "Atameken Business", "Astana TV", "7 арна" және "Almaty TV" телеарналарының эфирінде орталық және жергілікті билік өкілдері депутаттар тасқынның салдары мен мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.

Теламарафонға тасқынның зардабын жоюға жауапты бірқатар ведомство жетекшілері:

  • ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов,
  • ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова,
  • ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев,
  • Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев,
  • ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин,
  • ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары Болат Бекнияз,
  • ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанов,
  • ҚР Парламентінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен еріктілер қатысты.

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың айтуынша, бүгінге дейін су тасқыны болған аймақтардан 119 мың адам толық эвакуацияланды. Оның 45 мыңға жуығы – бала. Төтенше оқиға басталғалы тасқын аймақтарына ҚР Қарулы күштерінен 5400-ден аса жауынгер, 230 техника, 12 тікұшақ, 5 әскери ұшақ жұмылдырылды.

"Жер үйлері суға кеткен азаматтардың баспана құрылысы 1 маусымда басталып, келесі жылыту маусымына дейін жалғасады немесе зардап шеккендерге бағасы 22 миллионнан аспайтын дайын пәтерлер ұсынылады", - деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев телемарафон барысында.

Бүгінге дейін тасқын зардаптарын жоюға меценаттар мен ірі компаниялардан 200 миллиард теңгеге жуық қаражат жиналған. Бұл қаражат мектептер мен үйлер, балабақшалар мен жол салуға жұмсалады.

"Біз біргеміз" телемарафоны
"Біз біргеміз" телемарафоны. Фото: "Qazaqstan" телеарнасы

"Біз біргеміз!" телемарафоны барысында су тасқынының алдын алу бойынша ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары Болат Бекнияз сұхбат берді:

"Қазір еліміздегі барлық су қоймасы толып тұр. Жалпы, 2030 жылға дейін Батыс Қазақстан (2), Ақтөбе (4), Қызылорда (1), Түркістан (3), Жамбыл (3), Алматы (1), Шығыс Қазақстан (2), Абай (1), Қарағанды (2), Ақмола (1) облыстарында жалпы саны 20 көлемді су қоймасын салу жоспарланды", - деді министрлік өкілі.

Телемарафонда тасқын судың алдын алуға және зардабын жоюға жұмылған күштік құрылымдарының жұмысы мен қиын сәтте бір-біріне қолұшын соза білген қарапайым ел тұрғындарының қайырымды әрекеттері туралы жан-жақты көрсетілді. Қолайсыз ауа райына қарамастан 280 адамды ұшақпен эвакуациялаған әскери ұшқыш Бибарыс Ибраевтың, қайықпен 200 адамды құтқарған ақтөбелік құтқарушы Ерсайын Нұржановтың, Петропавлдағы тасқын судан зардап шеккен тұрғындарды тегін тасыған жүргізушілер, Орал қаласының шетіндегі саяжайларға су жайылып, үйлерінде қалып қойған тұрғындарды құтқарған сержанттар, мектеп мүлкін судан аман алып қалу үшін күрескен Қостанай облысы, Алтынсарин ауылының мұғалімдері, 1000-нан астам волонтердің басын қосқан "Жүректен жүрекке" волонтерлік клубының мүшесі Әлішер Садықтың оқиғалары баяндалды.

Оператор
Оператор. Фото: "Qazaqstan" телеарнасы

Қоғамдық штаб өкілі Әскер Пириев тасқын кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан 12 мыңға жуық ерікті қызмет еткенін жеткізді. "Жүректен жүрекке" акциясы аясында 800 миллион теңгеге гуманитарлық көмек көрсетілген.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова телемарафонда "Су тасқыны үйлермен қоса мәйіттерді, жануарлар көмілген шұңқырларды шайып кетіп, қауіпті індет таралып кету қаупі болды. Соған орай біз бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес тиісті жұмыс жүргізіп, судың сынамасын алып отырмыз. Бүгінге дейін 6000 нысан дезинфекцияланды. Барлық аймақта дезинфекциялау шарасы әлі де жүріп жатыр. Маскалық режим енгізілмейді", - деп атап өтті.

Телемарафон барысында 10 арнаның тікелей эфирінде 48 спикер тікелей эфирге шықты. Телемарафонды 10 арнадан 21 тележүргізуші тізгіндеді.

Телемарафонның негізгі ұйымдастырушысы – "Қазастан" телерадиокорпорациясы.

"Біз біргеміз" телемарафоны
"Біз біргеміз" телемарафоны. Фото: "Qazaqstan" телеарнасы

Корпорация басшысы Ләззат Танысбай "Қиын кезеңде бәрімізге күрделі шешімдер қабылдауға тура келеді. Отандық телевизия тарихында форматы мен ауқымы жағынан мұндай марафон тұңғыш рет өтіп отыр. Жекеменшік және мемлекеттік арналар бірігіп 5 сағаттық эфир ұйымдастырды. Бұл жерде халықтың ауызбірлігімен қоса, еліміздегі телеарна мамандарының ынтымағы да айқын көрінді", - деп атап өтті.

"Техникалық мүмкіндіктеріміздің әр түрлі болуына қарамастан біртұтас эфир шығардық. Телемарафонға салалық арна ретінде атсалысып, көрерменге бизнес секторларының қиын сәттегі қолдауы туралы жеткіздік", - деді "Atameken Business" телеарнасының бас директоры Қанат Сахария.

"Менің ойымша, бұл телемарафон телеиндустрияның аса ықпалды біріктіруші күшін тағы бір мәрте көрсетті. Қазақстандық телеарналардың шығармашылық тобы телевизияның индустрия ретінде халықты жұмылдыра, қиын сәттерде біріктіре алатын зор әлеуетін паш етті. Біздің бірлігіміз күшті болғанда ғана мемлекет, қоғам болып кез келген қиындықты еңсереміз. Телемарафон аудиторияға осы бірлік пен тұтастықты сезінуге мүмкіндік берді", - деді "КТК" телеарнасының бас директоры Эльмира Джамилова.

"Су тасқынының зардаптарын жоюға барлық қазақстандықтар үлес қосты. Оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары да шет қалған жоқ. Төтенше жағдай басталғалы беріліп жатқан үздіксіз тікелей эфирлер Бірлік күні қарсаңында ауқымды телемарафонмен қорытындыланды", - деді "Almaty TV" телеарнасы бас директоры Тимур Базарбаев.

Шараның онлайн трансляциясы 10 телеарнаның эфирінде, ресми сайттарында, Facebook және YouTube желілерінде, сондай-ақ "Біз біргеміз" жалпыұлттық телемарафоны арнасында жүргізілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2094191-biz-birgemiz-zhalpyulttyq-telemarafony-10-respublikalyq-telearna-5-sagat-boiy-uzdiksiz-habar-taratty/

pixel