"Екі қазанға ас пісіреміз": Ақтөбе облысында эвакуацияланған ауыл халқы мектепте қалай тұрып жатыр
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысындағы эвакуациялық пункттерде жылқының еті асылып, ыстық бауырсаққа дейін дайындалады. Мектеп мұғалімдері ауылын сағынған тұрғындардың көңілін аулап жүр. KAZ.NUR.KZ тілшісі Ырғыздағы эвакуациялық пункттерге орналасқан елдің тұрмысын көріп қайтты.
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының орталығындағы төрт мектеп эвакуациялық пункт ретінде жұмыс істеп тұр. Онда Нұра, Тәуіп, Белшер, Мамыр және Құйлыс ауылының тұрғындары тұрып жатыр. Жиырма күннен бері эвакуациялық пунктті паналаған ауыл халқы бір үйдің баласындай болып кеткен.
№ 1 жалпы білім беретін орта мектебі – Ырғыз ауданында ашылған алғашқы эвакуациялық пункт. Мұнда Нұра мен Мамыр ауылының тұрғындары жатыр.
"Ең алғаш осы мектепте эвакуациялық пункт ашылды. Басында қалай болатынын түсінбедік. Кейін тапсырма берілген соң қызметкерлеріміз мектепті эвакуациялық пунктке айналдырды. Ең бірінші күні ұжым толық жұмысқа келді. Екі сағат уақыт берді. Жуып, тазалап, төсек-орынды әкелді. Асханаға екі адам бекітілді. Мектеп психологы де жұмыс істеді. Төтенше жағдай кезінде үйлері суға кетіп, көңілі босаған адамдарға жағдай жасалды. Бізге баламен, ата-аналармен жұмыс істеген соң қиын болмады. Бірақ қолымыздан келгенше бүкіл қызметті жасап жатырмыз. Мектеп ұжымы толық жұмылдырылды. Кешке жақын ер адамдар кезекші болады", - дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлфара Әкімәліқызы.
Мектепте күні-түні кезекшілік қойылған. Қызметкерлердің кезекшілігі үш-төрт күн сайын қайталанады. Мектептегі ер адамдар осыған дейін Құйлыс, Мамыр, Белшер ауылдарында бөгет тұрғызуға көмектескен. Қазір эвакуациялық пункттердің түнгі кезекшілігіне шығады.
Мұғалімдер сабаққа да, мектепте жатқан ауыл халқына қызмет көрсетуге де үлгереді. Мектеп психологы тұрғындармен тренинг өткізеді.
"11 сәуірден бастап Нұра, Мамыр елді мекендерінен эвакуацияланған адамдарды қабылдалық. Биылғы көктем халыққа оңай болған жоқ. Елімізде көптеген жерде тасқынмен күрес жұмыстары жүрді. Адамдар күйзеліске түсті. Оларға психологиялық көмек, кеңес берілді. Шарасыз күйге түскен адамдар үйлеріне деген қимастық сезімін айтады. Өмірдегі үлкен өзгерістерді қабылдай білуге, уайымнан арылуға, тығырықтан жеңіл шығу бойынша тренингтер ұйымдастырамыз. Адам денсаулығы қымбат екенін түсіндіріп, қиындықтан жеңіл шығу туралы айтамыз", - дейді мектептің педагог-психологы Алмагүл Қаниева.
Мектептің асханасында да қарбалас. Мұнда таңғы сағат алтыдан бастап қазанның қақпағы ашылып, үш мезгіл тамақ әзірленеді. Қызметкерлер ауылын сағынған халыққа қолдың бауырсағы, жылқының етін дайындайды.
"Күніне үш мезгіл ас әзірлеймін. Әр күнге түрлі ботқа дайындаймыз. Бүгін түсте жылқының етін астық. Қамкөңіл адамдардың барлық тамағын дайындап отырмыз. Басында 90 адам болған кезде бір қазан тамақ дайындайтынбыз. Қазір 160 адамға екі қазанға ас пісіреміз. Екі аспаз кезектесіп жасаймыз. Мұғалімдер көмектеседі. Жұмыс күнделікті таңғы сағат 6:30-да басталады. Кейбір үлкен кісілер өмірде ботқа жеп көрмегенін айтып, дәмді асқа алғыс білдіріп жатыр. Бауырсаққа дейін пісіреміз. Қазір бәрі бір үйдің адамдарындай болып кетті", - дейді аспазшы Раушан Бекпембетова.
Алғашында бұл мектепке 243 адам қабылданды. Олар көбіне – көпбалалы аналар. Қазір мұнда жүзден аса адам жатыр.
Еске сала кетейік, Ырғыз ауданында 8 сәуірде төтенше жағдай жарияланды. Мұнда тасқынға қарсы жұмыстар әлі тоқтаған жоқ. Қазір Тәуіп, Құйлыс, Жайсаңбай ауылдарында бөгет бекіту жұмыстары жүріп жатыр.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2095439-eki-qazanga-as-pisiremiz-aqtobe-oblysynda-evakuatsiialangan-auyl-halqy-mektepte-qalai-turyp-zhatyr-foto/