Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға өзекті": Өзбекстан мен Тәжікстаннан елімізге азық-түлік делдалсыз жеткізіледі

Жарияланған күні:

Азық-түлік қорабы
Азық-түлік қорабы. Көрнекі сурет: pexels.com

Бүгін Антикорда өткен мәжілісте жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жекелеген мәселелері, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі көтерілген. Қазақстанға бүдан былай Өзбекстан мен Тәжікстаннан делдалдарсыз азық-түлік жеткізілуі мүмкін. Антикор төрағасы Асхат Жұмағалидің айтуынша, бұл әсіресе су тасқынынан зардап шеккендер үшін өзекті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали маусымаралық кезеңде үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұруға және тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шара қабылдап жатқанын айтты.

Ведомство ақпараты бойынша, бұл мәселе су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін аса өзекті. Жиында Өзбекстан мен Тәжікстаннан жеткізушілерден азық-түлік ауыл шаруашылығы тауарларын тікелей жеткізу мүмкіндіктері пысықталды. Азық-түлік тауарлары тікелей қазақстандық нарыққа делдалдарсыз әрі алып сатушыларсыз қолжетімді бағамен жеткізілмек.

Осыған байланысты Асхат Жұмағали аумақтық бөлімшелерге жемқорлық тәуекелдері мен көріністерін алдын алу мақсатында аталған жұмыстарды мониторингілеуді тапсырды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары кез келген жемқорлықпен байланысты құқықбұзушылықтың, оның ішінде заңсыз табыс табуға бағытталған түрлі заңға қайшы схемаларды құру сынды заңбұзушылықтардың жолын кеседі.

"Баға белгілеуге теріс әсер ететін жемқорлық деректеріне, оның ішінде тараптардың үлестестігіне, мемлекеттік аппарат тарапынан негізсіз әкімшілік кедергілер құруға, нарыққа жосықсыз қатысушылар тарапынан айла-шарғы жасауға және теріс пайдалануға ерекше назар аударылады", - делінген хабарламада.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы бұл жұмыстың маңызды екенін айтып, аталған мәселелерді ерекше бақылауда ұстауға бұйрық берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2096009-su-tasqynynan-zardap-shekken-aimaqtarga-ozekti-ozbekstan-men-tazhikstannan-elimizge-azyq-tulik-deldalsyz-zhetkiziledi/