Өнеркәсіптік альпинистердің қазасы: Астанада компания басшысына қатысты сот үкімі шықты
Жарияланған күні:
Елорданың құрылыс нысанынан 3 өнеркәсіптік альпинистің қаза болу дерегі бойынша үкім шықты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ елордалық сотқа сілтеме жасап хабарлайды.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты құрылыс жұмыстарын жүргiзудің қауiпсiздiк қағидаларын бұзып, үш адамның абайсызда қайтыс болуы, адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiру дерегі бойынша Ш.-ға қатысты істі қарады.
Мердігер ЖК Ш. құрылыс жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі қағидаларын бұзып, қауіпсіз жағдайлар мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты тұлға бола отырып, көтергіш сымарқанның техникалық жай-күйі мен жарамдылығын тексермеген. Биікте тұрғын үй кешенінің құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген төрт өнеркәсіптік альпинистің сақтандыру сым арқаны техникалық талапқа сай бекітілмегені анықталды.
Жазатайым оқиға олардың биіктіктен құлауына әкеп соғып, абайсызда 3 альпинист қаза тапты. Бір альпинист ауыр дене жарақатын алды.
Сотта прокурор айыпты қолдап, сотталушыға 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Барлық жәбірленуші айыпталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін мойындаған жоқ. Қорғаушы тарап сотталушыдан қылмыс құрамының болмауына байланысты оны ақтауын сұрады.
Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігінің санкциясы белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, 3 жылдан 8 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Сот жас баланың болуы қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылды.
Айыпталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәгерлердің, мамандар мен сарапшылардың айғақтарымен, оқиға орнын тексеру хаттамаларымен, сараптамалардың қорытындыларымен және өндірісте болған жазатайым оқиғаны арнайы тергеу актісімен дәлелденді.
Айыпталушыға жазаны тағайындау кезінде сот Қылмыстық кодекстің 55-бабының 2-бөлігі 1-тармағын ескере отырып, қылмыстың ауырлығы орташа болған кезде жазаның мерзімі мен мөлшері Қылмыстық Кодекстің 277-бабының 3-бөлімінде көзделген ең жоғары мерзімнің жартысынан аспауы тиіс.
Жеңілдететін жағдайларды ескере отырып, сот айыпталушы Қылмыстық Кодекстің 277-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге құрылыс-монтаж жұмыстары саласында басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Айыпталушыдан жәбірленушілердің пайдасына 5 млн теңгеден және 10 млн теңге моральдық зиян өндірілді.
Үкім әзірше заңды күшіне енген жоқ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2096234-onerkasiptik-alpinisterding-qazasy-astanada-kompaniia-basshysyna-qatysty-sot-ukimi-shyqty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.