Астана мен Павлодарда экстремизмге қатысы болуы мүмкін күдіктілер ұсталды (видео)
Жарияланған күні:
ҰҚК қызметкерлері ІІМ мен прокуратурамен бірлесе отырып, Астана мен Павлодарда экстремизмге қатысы бар деген күдікпен үш қазақстандықты ұстады. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасаған NUR.KZ хабарлайды.
Комитеттің Telegram-дағы арнасында хабарланғандай, қамауға алу операциясы 2 және 3 мамырда өтті.
2-3 мамырында Астана және Павлодар қалаларында Ұлттық қауіпсіздік комитеті ІІМ-мен өзара әрекеттесе және прокуратура органдарының үйлестіруімен Қазақстанның 3 азаматын ұстады.
"Олар терроризмді насихаттады және республика аумағында тыйым салынған діни-экстремистік ұйымның қызметіне қатысты деп күдіктелуде.
Тінту барысында діни әдебиеттер мен өзге де заттай дәлелдемелер алынды", - делінген хабарламада.
Күдіктілер бұрын жалпы қылмыстық және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін сотталған.
Қылмыстық кодекстің 256 және 405-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
"Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды", - деді ҰҚК өкілдері.
Айта кетейік, ҚР Қылмыстық кодексінің 256-бабына сәйкес, терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру, сол сияқты көрсетілген мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату – мүлкі тәркіленіп, бес жылдан тоғыз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2096438-astana-men-pavlodarda-ekstremizmge-qatysy-boluy-mumkin-kudiktiler-ustaldy-video/