Кеңес Одағының Батыры атанған ең жас қазақ жауынгері кім
Жарияланған күні:
Екінші дүниежүзілік соғыстағы көзсіз ерлігі үшін жүзден астам қазақ азаматына Кеңес Одағының батыры атағы берілген. Ал осы атақты 17 жасында алған ең жас қазақ жауынгері туралы не білеміз? Оған бұл жоғары атақ қандай ерлігі үшін берілген? Материалымыздан оқыңыз.
"Тұратыда туған тарлан"
Бозбала шағында-ақ қан майдандағы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атанған қазақ жігіті – Жәнібек Елеуісов. Қазақтан шыққан жас батыр бұл абыройлы атақты 1943 жылы 22 қыркүйекте Днепр өзенінен өтуде көрсеткен ерлігі үшін алған.
Жамбыл облысының мемлекеттік архивінің ресми сайтында жарияланған мәліметке сүйенсек, Жәнібек Елеуісов 1925 жылы Ресейдің Таулы Алтай автономиялық облысының Усть-Канский ауданының Тұрата ауылында дүниеге келген.
Батырдың туған ауылы жайлы "Егемен Қазақстан" газетінде 2020 жылғы 1 сәуірде "Тұратыда туған тарландар" атты көлемді мақала жарық көрген екен.
"Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, бұл өлкеге қазақтар ХVIII ғасырдың 60-жылдары келіп қоныстаныпты. Ресейлік миссионерлер тарапынан жергілікті қазақтарды шоқындыру ісі жүргізілген. Тіпті үкімет өз қаржысына ауылдың ортасына шіркеу тұрғызған. Бертінде сол шіркеу құлатылып, оның орнына қазақтың қос батырының насихат тақтасы орналастырылыпты.
Жоғарыда айтқанымыздай қазақтарды шоқындыру барысында Туғанбай және Елеуіс деген екі адам миссионерлерге қарсы шығып, өз жақтастарын бастап, қазіргі Тұраты ауылы орналасқан жерге ауа қоныстанған.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылдары бұл ауылда 20-25 үй қазақ болған көрінеді. Осы бірнеше түтіннің ер азаматтары ел қатарлы соғысқа аттаныпты. Аядай ауылдың төрт жігіті Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. Осылардың екеуі – қазақ. Бұлар ертеде бұғауға басын имей кеткен Туғанбай мен Елеуістің немерелері", - деп жазылған мақалада.
Жәнібек Елеуісов осы ауылдағы жеті жылдық қазақ мектебін бітірген. Ал орта мектепті аудан орталығы Белонь селосында орыс тілінде тәмамдаған екен.
Елеуісовтің ерлігі
Жәнібек Елеуісов 1942 жылы 17 жасында майданға сұранады. Бірақ оның өтінішін комиссариат бір жылдан кейін ғана қабыл алып, 1943 жылы 9 ақпанда Барнаул қаласындағы алты айлық мергендер курсына жібереді.
"Алтай өлкесінің шалғай ауылынан келген жас жігіттің әскери өмірі Украина майданындағы үлкен ұрыстардан басталады. Жәнібектің орта білімі болған соң және сонымен қатар, орыс тіліне жатықтығын ескеріп, оны бірден пулеметшілер бөлімшесінің командирі етіп тағайындайды", - деп жазады Ерлан Оспан Baribar сайтында 2017 жылы жарияланған "Тұратыда туған тарлан – Жәнібек Елеуісов" деген мақаласында.
Осы мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, 1943 жылдың маусым – шілде айларында 50 күн мен түнге созылған атақты Курск иініне келіп, 1943 жылдың қыркүйек айында Жәнібек Елеуісов Украинадағы Сумы облысын азат етуге қатысады. Қазан айының бастапқы күндерінде
"Украинаның Шостака қаласын жаудан азат етіп, сол ерлігі үшін Шостака қаласының құрметті азаматы деген мәртебелі атаққа ие болды", - деп жазады мақала авторы.
Алғашқы ұрыстың өзінде пулеметшілер бөлімшесі жаудың 40-қа жуық әскерін жойып, 95 әскерін тұтқынға алған. Елеуісов жаудың 5 әскерін жойған.
Ол Десна, Днепр және Припять өзендерінен өтудегі жойқын ұрыстарда ерекше көзге түскен. Елеуісов алғашқылардың бірі болып плацдармды құтқаруға жағдай жасаған.
"Майданда Жәнібек бірнеше рет жаралы болған, солардың зардабынан бір өкпесінен, алты қабырғасынан, ал жаумен жекпе-жек арпалысқанда аузындағы тістерінен айырылған. Кейіннен белгілі болғандай, Кеңестер Одағының батыры атағын Жәкеңе беру туралы жарлық 1943 жылдың 16 қарашасында шыққан. Бірақ жоғарғы әскери атақ берілгені туралы мәліметті ол ауыр жарақаттанып, әскери госпитальда емделіп жатқан шағында естиді.
Ал Кеңестер Одағы Батырының Алтын Жұлдызын Жәнібек Мәскеудегі Кремльде М.Калининнің қолынан 1944 жылдың 24 мамырында алған", - деп жазылған жоғарыда аталған мақалада.
Ленин, Қызыл Ту, Суворов орденінің иегері, 6-гвардиялық дивизияның командирі, генерал-майор Георгий Иванов бірнеше рет Жамбыл жеріне келіп, Жәнібекпен қауышып өткен күндерді еске алған. Иванов Елеуісов туралы былай деп естелік қалдырған екен:
"Бір шайқас әлі есімде: ұрыс кезінде полкінен жалғыз қалған Жәнібек бір пулеметтен екіншісіне жүгіріп жүріп атысып, жау әскерін тұсап тұрды. Немістер ол жерде біреу емес, бірнеше адам бар деп шатасқан. Міне, осы батыр қазақ баласы Жәнібек болатын".
1944 жылдың жылдың күзінде Елеуісов Қазан қаласына жаяу әскерді дайындайтын әскери училищеге оқуға жіберілді. Оны бітірген соң Жәнібек Украинаның Румынияға жақын орналасқан Черновцы қаласына әскери қызметке жолдама алып, осы қаладағы әскери училищеде ұрысты жүргізу тактикасынан дәріс береді.
"Егемен Қазақстан" басылымындағы мәлімет бойынша, Кеңес Одағының Батыры Жәнібек Елеуісов 1946 жылы денсаулығы түзелген соң майданнан оралып, Верхонка селосында жеті жылдық мектептің директоры, Ресей Федерациясы Алтай өлкесінің депутаты, Кирма селосында жеті жылдық мектеп директоры сынды қызметтер атқарған.
1954 жылы Қазақстанға көшіп келіп, ұзақ уақыт Шемонайха ауданында тұрған. Кейін 1962 жылы Атырауға көшіп, ДОСААФ (Армия, авиация және флотқа көмек көрсетудің ерікті қоғамы) облыстық филиалының спорттық атқыштар клубының басшысы, қалалық атқару комитетінің депутаты болған. Қазір Атырау қаласында батыр атында көше бар.
Ал 1972 жылы ДОСААФ желісі бойынша қазіргі Тараз қаласына ауыстырылады. 1991 жылы зейнеткерлік демалыс шығып, 1996 жылы 21 сәуірде Тараз қаласында өмірден озған.
Кеңес Одағының Батыры атағы қашан пайда болған?
"Егемен Қазақстан" газетінің 2014 жылғы 9 мамырда "Кеңес Одағының Батыры атағы туралы не білеміз?" деген тақырыппен жарияланған мақалада бұл атақ қашан пайда болғаны және алғаш кімдерге берілгені туралы егжей-тегжейлі мәлімет берілген екен.
Кеңес Одағының Батыры – КСРО-да соғыс кезінде жасаған көзсіз ерлігі немесе айрықша еңбегі үшін берілетін ең жоғары құрметті атақ. Ол бейбіт жағдайда өте сирек, аса ерекше ерлік жасағаны үшін ғана беріледі.
Басылым дерегінше, бұл атақты КСРО-ның Орталық Атқару комитеті 1934 жылғы 16 сәуірде шыққан қаулымен тағайындалған. Қаулы мәтінінде:
- "Мемлекет алдында көрсеткен жанқиярлығы мен жеке немесе ұжымдық ерлігі үшін ең жоғарғы ерекшелік белгісі – Кеңес Одағының Батыры атағын беру белгіленсін.
- Кеңес Одағының Батыры атағы тек КСРО-ның Орталық атқару комитетінің қаулысымен беріледі. 3.Кеңес Одағының Батырларына ерекше грамота беріледі..." делінген.
Ал 1936 жылғы 29 шілдедегі қаулы бойынша атаққа қоса Ленин ордені беріле бастаған.
"Бұл орден Кеңес Одағының Батыры атағы шыққанға дейін елдегі ең жоғары награда ретінде берілетін. Ол адамның сол жақ кеудесінде, басқа ордендердің бәрінен бірінші тұрады. Ленин ордені 1930 жылдың сәуір айынан бастап беріле бастаған. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1939 жылғы Жарлығымен Батыр атағын алғандарға кеудеге тағатын "Алтын медаль" қоса берілетін болды. Оның авторы атақты архитектор Мирон Мержанов еді", - деп жазады Жақсыбай Самрат.
Кеңес Одағының Батыры атағын ең алғаш болып 11 ұшқышқа берілген. Бұл 11 ұшқыштың бәрі де Солтүстік теңіз жолымен жүзіп, мұз құрсауында қалған "Челюскин" кемесінің адамдарын құтқарған.
Автордың жазуынша, Кеңес Одағының Батыры атағын қазақ арасынан тұңғыш алғандар 28 панфиловшылар қатарына енген Нарсұтбай Есболатов, Әлікбай Қосаев, Әлиасқар Қожабергенов, Мұсабек Сеңгірбаев. Бұл төртеуіне Батыр атағы қалған 24-пен бірге 1942 жылғы 21 шілдедегі Жарлықпен берілген. Ал Бауыржан Момышұлы Батыр атағына бұлардан бұрын ұсынылған. Бірақ оған Батыр атағы берілген жоқ. Бауыржан Момышұлына Батыр атағы тек еліміз тәуелсіздік алардың қарсаңында, 1990 жылғы 11 желтоқсанда берілген.
Екінші дүниежүзілік соғыста қазақстандық 500 жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Оның 105-і қазақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2096504-kenges-odagynyng-batyry-atangan-eng-zhas-qazaq-zhauyngeri-kim/