"Озбырлық көрсеткен": Шымкентте қыздардың телефонын тартып алмақ болған полицейге қатысты тексеріс басталды
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде шымкенттік полицейдің қыздарға күш көрсетпек болған сәті түсірілген видео тарады. Көп ұзамай полиция департаменті қызметкеріне қатысты қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Instagram-дағы shymkent.online парақшасында екі қыз бен полиция қызметкерінің арасында болған даудың видеосы жарияланды.
Видеодан полицейдің екі қызға бірдеңе айтып жатқаны, қыздардың бірі тәртіп сақшысынан құжатын көрсетуді сұрап тұрғанын көруге болады. Тағы бір қыз осы жайтты телефонына түсіріп тұрған. Бір кезде полиция қызметкері қыздың қолынан телефонды тартып алады – бұл сәт бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Пост авторы қыздардың екі жігіт күш көрсетіп жатқан бір қызға көмектеспек болғанын жазады.
"Шымкент тұрғынының айтуынша, олар көмек сұраған дауысты естіп, бей-жай қала алмаған. Қыздар жағдайды айтып, полицияға хабарласқан, бірақ содан кейін оларға белгісіз нөмірден қоңырау шалып, полиция бөліміне келуді сұраған", - дейді жазба авторы.
Кейінірек, автордың жазуынша, оқиға орнына полиция формасын киген ер адам келгенімен, өзін таныстырмаған, құжатын көрсетпеген.
"Бұл қыздардың күдігін туғызған. Олар бұл жайтты видеоға түсіріп алмақ болған, бірақ полиция қызметкері қыздардың бірін итеріп, озбырлық көрсеткен", - деп жазады пост авторы.
Жазбаға Шымкент қалалық полиция департаменті жауап берген.
"Бұл факт бойынша қызметкерге қатысты қызметтік тергеу басталды. Мән-жай анықталуда", - деп жазған құқық қорғау органдарының өкілдері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2096645-ozbyrlyq-korsetken-shymkentte-qyzdardyng-telefonyn-tartyp-almaq-bolgan-politseige-qatysty-tekseris-bastaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.