Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сүт алуға бара жатқан": Қостанайда ауыл ішінде көлік қаққан азаматтың туыстары әділдік іздейді

Опубликовано:

Дастан Байжұмаев
Дастан Байжұмаев. Фото: tobolinfo.kz

Қостанай облысында полиция Садовое тұрғыны қаза тапқан жол апатына қатысты істі тоқтатты. Ал марқұмның туыстары бұл шешіммен келіспейді, деп жазады "Тоболинфо" басылымы.

Басылым редакциясына марқұмның ағасы мен әпкесі Ләззат пен Руслан Байжұмаевтар жүгінген. Олар әділдікке қол жеткізу үшін бұл жайтты жариялауды жөн көріп отыр.

Ләззат пен Русланның інісі Дастан Байжұмаев 2022 жылы 2 тамыз күні автокөліктің астына түсіп кеткен. 40 жастағы азаматтың артында үш баласы қалды. Олардың ең кішісі 5 жаста болған.

Ал қайғылы жол апаты Садовое ауылында Қостанай-Садчиковка жолы мен Ленин көшесінің қиылысында болған. Велосипедпен келе жатқан Байжұмаевты Lada Priora көлігі қағып, салдарынан Дастан оқиға орнында қайтыс болады.

Қылмыстық іс материалдарына жүгінсек, Байжұмаев қосалқы жолмен келе жатқан, ал автомобиль жүргізушісі сағатына 60 шақырым рұқсат етілген жерде сағатына 90 шақырым жылдамдықпен жүрген. Бұл үшін көлік жүргізушісіне айыппұл салынған, алайда қылмыс құрамы болмауына байланысты іс жабылған.

Ал марқұмның туыстары мұнымен келіспейді. Олар автокөлік жүргізушісі жылдамдығын азайтқанда велосипедші тек жарақат алып, тірі қалар еді деп есептейді.

"Маған сол күні немере інім хабарласып, "Ағаны аялдамада көлік қақты, тіл тартпай кетті" деп айтты. Оқиға орнына барып, бәрін өз көзіммен көрдім... Інім алдыңғы дөңгелектің астында жатты, ал көліктің артқы әйнегі сынып, қанға боялған. Ол автокөлікті айналып ұшқан сияқты. Бірақ денесі алдыңғы дөңгелекте қалай пайда болған? Одан бөлек аялдаманың екі жағында да "Жаяу жүргіншілер жолы" белгісі тұр. Інім жол апаты кезінде сол жерде болған, мұны полиция назарға алмай отыр", - деп еске алды Руслан Байжұмаев.

Дастан Байжұмаевтың жақындары.
Дастан Байжұмаевтың жақындары. Фото: tobolinfo.kz

"Ол кезде дала әлі жарық еді, көлік жүргізушісі қозғалып келе жатқан велосипедті байқауы керек еді. Ол жылдамдықты сақтаған кезде Дастан тек жарақат алып, қайтыс болмас еді. Аталған іс бойынша бірнеше сараптама жасалды, тек бір сараптамада ғана маман жол апатының алдын алуға болар еді деген шешімге келді. Ал қалғандары мұндай қорытындыға келген жоқ. Бізде бұл уақытта мал келеді, жергілікті тұрғындар Дастан жүрген жермен жүреді. Бірі сүт алуға, енді бірі сиыр саууға барады. Өйткені база сол жақта орналасқан. Інімді де сүт алуға бара жатқанда қағып кетті. Денесінің сау-тамтығы қалмаған", - деді Ләззат Байжұмаева.

"Біз көлік жүргізушісі бастапқыда Дастанды қағып, кетіп қалып, қайта оралды деп ойлаймыз. Өйткені жол апатының даусын адамдар естіп қалған. Біздің көршіміз де естіп, жедел жәрдем шақырды. Бірақ куәгер болудан бас тартты", - деді Русланның жұбайы Айнагүл Рақымова.

Полиция Lada Priora Байжұмаевты қағып кетіп, қайта оралғаны туралы ақпаратты растаған жоқ. Мұндай фактілер қылмыстық істе жоқ. Дәл сол сияқты туыстары жол апаты болды деп есептейтін жаяу жүргіншілер жолы да істе көрсетілмеген.

Көлік жүргізушісінің сөзіне сенсек, ол жолдың оң жақ бөлігінен велосипедші шығып қалғанда жоғарыда аталған белгі мен аялдамаға жетпеген. Олардың арасында 4 метрдей қашықтық сақталған. Көлік жүргізушісі рөлді солға бұрып, тежегішті басса да, соққының алдын ала алмаған.

"Біз бірнеше рет арыз жаздық, бірақ қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл іспен басқа тергеуші айналысса дейміз. Сол үшін істің тергеу жұмыстары қайта басталуы үшін тиісті органға жазамыз", - деді Руслан Байжұмаев.

Марқұмның туыстары көлік жүргізушісі жерлеу мен қырқын өткізуге 1 млн теңге бергенін, алайда бірде-бір рет кешірім сұрамағанын айтады.

"Өкініп тұрған жоқ, анамызға жақындамады. Бұл жерде мәселе ақшада емес, қолымен жасағаны үшін жазасын өтеуде", - деді марқұмның ағасы.

Қостанай аудандық прокуратураның ресми жауабында 2023 жылдың 1 қарашасында өңірлік полиция департаменті қылмыстық істі тоқтатқаны туралы шешім қабылдағанын айтты.

"Қостанай ауданының прокуратурасы бұған келісті, шешімнің күшін жоюға негіз жоқ. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілмейді", - деп жауап берді прокурорлар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2097128-sut-aluga-bara-zhatqan-qostanaida-auyl-ishinde-kolik-qaqqan-azamattyng-tuystary-adildik-izdeidi/

pixel