Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сең қозғалды, оны тоқтату мүмкін емес": Абзал Құспан еліміздегі сот жүйесі мен Бишімбаев ісі туралы пікір білдірді

Опубликовано:

судья
Судья. Көрнекі фото: Boonchai Wedmakawand / Getty Images

Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан Бишімбаев ісі және елдегі сот жүйесі туралы пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ депутаттың Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

"Қазақстанның сот жүйесі ауқымды өзгерісті бастан өткеріп жатыр. Білесіздер, дәл қазір бүкіл Қазақстан экс-министр Бишімбаев ісін қадағалап отыр. Неге? Себебі іс тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты. Бұл – бір. Ал аталған мәселе қоғамда ушығып тұр. Екінші, сот процесі ашық өтіп жатыр. Кез келген адам YouTube желісінен отырысты тамашалай алады", - деді Абзал Құспан

Оның айтуынша, бұл іс ел ауқымынан шығып, Washington Post, Al Jazeera секілді алпауыт медиаларда айтылды.

"Бұған дейін парламент мінберінен бірнеше рет судьяларға, сот жүйесіне қатысты сын айтқан едім. Қазір ескі Қазақстанның сарқыншақтары жойылып, президент тапсырмасына сәйкес ашықтық қалыптасып келе жатқанына куә болып отырмыз.

Бишімбаев ісінің тікелей эфирден көрсетілуі халықтың құқықтық сауатын арттырады. Енді, азаматтар сот отырысы қалай өтетінін, қорғаушылардың міндетін, сот пен прокурордың қалай жұмыс істейтінін үйренеді. Мұның бәрі, әлбетте, оң өзгерістер. Ең бастысы – осы арқылы қоғамның сот жүйесіне, оның әділдігіне сенімі арта бастады. Ашық өткен процесте біреу-міреуді сатып алу мүмкін емес", - деп жазды ол парақшасында.

Абзал Құспан бұл іс бүкіл халықтың назарын аударған алғашқы сот отырысы екенін айтты.

"Алматыда автобус жүргізушісін ұрған адамға қатысты сот отырысы да тікелей эфирде көпшілікке көрсетілді. Сонымен қатар Қарағандыда жедел-жәрдем көлігі жүргізушісін ұрған адамға қатысты іс те онлайн көрсетілді.

Ескі Қазақстанда сот отырыстары жабық өтіп, кім нені қарап жатқаны, істі қалай саралап жатқан белгісіз болатын. Бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың сотталып, кейін босап шығуы да осы себепті еді. Кім Назарбаевқа жақын болды не кешірім сұрады, сол жазадан оңай құтылатын. Қазір бұлай жасау мүмкін емес", - деді ол.

Оның сөзінше, сот отырысын тікелей эфирден көрсету арқылы, оған алқабилерді қатыстыру арқылы сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етіп отыр.

"Әрине, бұл бағытта атқаратын жұмыс жетерлік. Сот жүйесіне, алқабилерге қатысты заң жобаларын әлі де жетілдіру керек. Бірақ ең бастысы, сең қозғалды. Енді оны тоқтату мүмкін емес", - деп қорытындылады сөзін Абзал Құспан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2098523-seng-qozgaldy-ony-toqtatu-mumkin-emes-abzal-quspan-elimizdegi-sot-zhuiesi-men-bishimbaev-isi-turaly-pikir-bildirdi/