Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Президент әкімшілігінің басшысы саяси қызметке қандай адамдар тартылатынын айтты

Опубликовано:

Папка ұстаған қызметкер
Папка ұстаған қызметкер. Көрнекі фото: pixabay.com

Президент әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаев телеарналардың біріне берген сұқбатында еліміздегі кадр даярлау мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, бұл іс жүйелі жұмысты қажет етеді.

"Сапалы кадрлар бір күнде өсіп шықпайды. Бұл бағытта жүйелі әрі ұзақ мерзімді жұмыс атқаруымыз қажет. Бес жылдан бері Президенттік жастар кадр резерві іске қосылды. Сол уақыттан бері 289 резервші түрлі секторларда, 3-уі "А" корпусындағы, 36-сы саяси лауазымдағы қызметке тағайындалды. Бұдан бөлек, резервтегі жас азаматтар парламент мәжілісінің депутаты болып та сайланды" - дейді Дәдебаев.

Айбек Дәдебаев жалпы кадрлар даярлау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, "Президенттік жастар кадр резерві" жобасынан бөлек осы бағыттағы бірнеше нақты бастамаларды тілге тиек етті.

Атап айтқанда, биылдан бастап Өңірлік кадрлық резервтер құрыла бастаған. Сондай-ақ мемлекеттік грантпен отандық жоғары оқу орындарын үздік тәмамдаған түлектерді байқаудан тыс мемлекеттік қызметке тарту жолға қойылған. Ал бұл бастама бойынша өткен жылы 120 үздік түлек мемлекеттік қызметке орналасыпты.

Президент әкімшілігі басшысының айтуынша, егер бір маманды оқытып шығаруға кемі 5 жыл керек болса, кәсіби мемлекеттік қызметшілер буынын тәрбиелеп шығуға одан екі есе, тіпті одан да көп уақытты талап етеді.

"Ең бастысы, ел ішіндегі білімді, білікті азаматтардың мемлекет ісіне белсенді араласуын арттырып, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарды президент айтқан "Адал азамат" тұжырымдамасына сай жетілдіру үстіндеміз" - дейді Дәдебаев.

Ал осы жұмысты жүргізу аясында өзі жетекшілік ететін Президент әкімшілігінде меритократия механизмдерін енгізу қолға алынғанын, қабілетті мамандарды іріктеу процесін автоматтандыру жүйесі іске қосылғанын, кадрларды іріктеу мен тағайындау бағытындағы үздік әлемдік тәжірибелер зерделеніп жатқанын айтты.

"Бұған қоса мемлекеттік саяси қызметшілерді тағайындау процессі қайта пысықталуда. Қолданыстағы тәртіпке сәйкес мемлекеттік органдар Президент әкімшілігіне саяси лауазымға тағайындауға бір ғана кандидатты ұсынатын. Бұл тәсіл өз кезегінде үздік үміткерді анықтап, дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік бермейді. Таңдау тек ұсынылған кандидатпен шектелетін. Ал бұдан былай саяси лауазымдарға тағайындауларды келісу процесі кандидаттардың жеке және кәсіби құзыреттерінің негізінде құрылған рейтинг арқылы жүргізіледі. Бұл ретте бұл рейтинг саны шектеулі азаматтарды ғана қамтымайтынын атап өткен жөн. Алдағы уақытта тәсіл толық автоматтандырылады, яғни адам факторының әсері азаяды. Мақсат – саяси қызметке нәсіліне, тегіне, жынысына қарамастан білімді, білікті, уәдеге берік, заңды құрметтейтін азаматтарды тарту", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2098577-dadebaev-saiasi-qyzmetke-kadrlar-daiarlau-turaly-maqsat-bilimdi-bilikti-uadege-berik-zangdy-qurmetteitin-azamattardy-tartu/