Су үздіксіз көтеріліп жатыр: Атырау облысының екі ауданында Жайық деңгейі шектік белгіден асты
Жарияланған күні:
Қазақстан ТЖМ елдегі су тасқынына қатысты мәлімет ұсынды. Оған сәйкес, Атырау облысының екі ауданында Жайық деңгейі шектік белгіден асып түсті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның Telegram желісіндегі парақшасына сілтеме жасап.
ТЖМ мәліметіне сүйенсек, Атырау облысында су тасқынына қарсы үйінді бөгендер Жайық өзенінің арнасынан шығуын тежейді. Ал құтқарушылар тәулік бойы Қорғаныс құрылыстарының жай-күйіне мониторинг жүргізуде. Еліміздің төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов Жайық өзенінің ағысымен Каспийге қарай төмен түсіп, қорғаныс бөгендерін көзбен шолып тексерген.
"Соңғы 5 күн ішінде аймаққа су келуде. "Қазгидромет" РМК гидрологиялық мониторинг деректері бойынша 12 мамыр сағат 09-00-дегі жағдай бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі:
Атырау - 538 см. Тәулігіне + 5 см.
Индербор ауданы 1033 см. Тәулігіне +7 см.
Махамбет ауданы 955 см. Тәулігіне +16 см", - делінген ТЖМ хабарламасында.
Сондай-ақ ведомство Жайық-Индербор және Жайық-Махамбет су бекеттерінде деңгей шектік белгіден асып түскенін хабарлады. Судың одан әрі артуы күтіледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2099063-su-uzdiksiz-koterilip-zhatyr-atyrau-oblysynyng-eki-audanynda-zhaiyq-denggeii-shektik-belgiden-asyp-tusti/