Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Орталық Азиядағы алғашқы глобусты жасаған ұлы Әбу Райхан әл-Бируни туралы не білесіз

Опубликовано:

Әбу Райхан әл-Бируни
Әбу Райхан әл-Бируни: massaget.kz

Астрономия саласына 45-тен астам еңбек арнап, дүниенің гелиоцентрлік жүйесін Коперниктен 500 жыл бұрын, денелердің Жерге қарай тартылатынын Галилей мен Ньютоннан 600 жыл бұрын болжаған Әбу Райхан әл-Бирунидің өмірі мен ғылымға қосқан еңбегі туралы тағы қандай қызық дерек бар? Осы материалымызда ұлы ғалымның өмірі және ғылыми еңбектерімен кеңірек таныстыруды жөн көрдік.

Әбу Райхан әл-Бирунидің есептеуінше, Жер радиусы – 6339,9 м². Кейін бұл өлшемнің шынайы өлшемнен 16,8 м² ғана айырмашылығы бар екені белгілі болды. Батыста Жердің радиусы әл-Бируниден кейін 500 жыл өткеннен кейін, ХV ғасырда ғана есептелгенін айта кетеу керек. Әл-Бируни замандастары арасында да, ұрпақтары арасында да онша танымал болмаған, өйткені оның тілін түсіну қиын болды. Ол еңбектерін қарапайым адамдар үшін емес, ғалымдар үшін жазғанын айтқан.

Әл-Бирунидің туған жері, өскен ортасы

Біз сөз етіп отырған ортаазиялық ғалым, энциклопедист, ақын және философ Әбу Райхан Мұхаммед ибн Ахмет әл-Бируни 973 жылы 4 қыркүйекте (кейбір деректерде 4 қазанда туылғаны жазылған) Хорезм астанасы – Қият қаласының (1962 жылдан бастап Бируни деп аталған Өзбекстандағы қала) маңында дүниеге келген. Жастайынан жетім өссе де, білім, ғылымға құмар, ізденімпаз, зерек бала болған.

"Ата-анам есімде жоқ, жетім өстім. Шынымды айтсам, өз руымды да, арғы аталарымды да білмеймін. Мен өз әкемді білмесем, оларды қалай білмекпін? Өмірімнің алғашқы жылдарында мені асырап алған хорезмшахтың отбасында болдым. Менің қабілетіме сол кездің атақты ғалымы Әбу Насыр Мансұр ибн Әли ибн Ирак көңіл аударды да мені оқыта бастады", - деген әл-Бируни.

Тап сол адам оның жараталыстану ғылымдарына деген қызығушылығын оятқан. Осылайша ол жан-жақты білім алып, өз бетінше зерттеу жүргізіп, болжамдар жасаған.

Кейбір шығыстанушылардың пайымдауынша, әл-Бирунидің ана тілі парсы тілінің хорезм диалектісі болған. Бұған қоса ол парсы, араб, грек, сирия, санскрит тілдерін меңгерген.

Ол астрономия, география, математика, физика, химия, өсімдіктану, геодезия, фармокология, геология, минерология, тарих, этнография, философия, филология сынды ғылымдарды меңгеріп, осы салаларға қатысты жалпы алғанда 150 еңбек жазған.

Ұлы ғалымның ғылымға қосқан үлесі

992 жылы Мамун ибн Мұхаммедтің әскері Қиятты басып алып, хорезмшах Әбу Абдалла өлтірілді. Осы жайтқа байланысты Бируни Хорезмнен кетуге мәжбүр болған. Біраз уақыт Рей қаласында тұрып, кейін Қиятқа оралған.

Ал 995 жылы Орталық Азиядағы бірінші глобусты жасаған.

Әбу Райхан әл-Бируни жердің (глобустың) бірінші моделін жасады, математикалық есептеулерді қолдана отырып, Жердің дөңгелек екенін, ал Жердің басқа бөлігінде құрлық (Америка) бар екенін және адамдар өмір сүретінін дәлелдеді, ол бірінші болып минералдардың қаттылығы мен тығыздығын өлшеді және ландшафттың геологиялық трансформациясы теориясын құрды, деп жазады "Әбу Райхан әл-Бируни – ұлы ғалым, философ" атты мақала авторлары.

Көп ұзамай қалаға тағы шабуыл жасалып, жаңа хорезмшах та өлтіріледі. Бируниге бұл жолы Гургана қаласына көшуге тура келген. Сол қалада алты жыл тұрып, "Ежелгі халықтардың хронологиясы" еңбегін жазған. Бұл шығармасында халықтар мәдениетінің тарихын, олардың дәстүрін, тұрмысын, сондай-ақ осы халықтар түрлі дәуірде пайдаланған жыл санау жүйесін сипаттап жазған, сол заманда түрлі халық қолданған күнтезбелер жүйесін жинаған.

Гурганада ол "Сферика" атты екінші еңбегін жазған.

1004 жылы жаңа хорезмшах Мамун ибн Мұхеммедтің шақыруымен әл-Бируни Хорезмге оралып, оның жаңа астанасы Үргеніш қаласына орналасады. Осы кезде Хорезмде тарихта "Мамун академиясы" деп аталатын ғылыми қоғам құрылған. Әл-Бируни осы академияның ғылыми жұмысын ұйымдастырушы болған. Осы академияда Әбу Әли ибн Сина және алгебраның негізін салушы Мұхаммад ибн Мұса әл-Хорезми сияқты атақты ғалымдар еңбек еткен.

"Әл-Бируни Ибн Синаны ғалым ретiнде аса жоғары бағалаған және қатты сыйлаған. Бұған олардың бiр-бiрiне жазысқан хаттары куә. Бұл хаттар осы күнге дейiн сақтаулы", - деп жазады "Әлемді мойындатқан ғалым" мақаласының авторы.

1017 жылдың соңында Хорезмді аса қатыгез адам Хазни Махмұд сұлтан басып алған. Ол бүкіл елді талқан еткен.

"Мен Махмұдтың билігінің астынад 10 жыл өмір сүрдім. Маған өте ауыр болды. Тіптен Махмұд шахтың маған сенімсіздік танытып, жазалауға бұйрық берген сәті де болған. Тек уәзірдің араласуымен басым аман қалды. Көңілімді басқаға аудару үшін бас көтермей еңбек еттім", -деп келтірілген Бирунидің сөзі "Ғасырлар даналығы" деректі фильмінде.

Осы кезеңде "Хорезм тарихы" және "Жұлдыздар ғылымын түсіну кітабы" еңбектері жазылған.

Көп ұзамай Махмұд шах Үндістанға жорыққа атанады. Ол өзімен бірге көп тілді білетін білімді адам ретінде Бируниді ерте кеткен. Ол Үндістанда өзі болған қалалардың географиялық координаталарын анықтап, үнділердің тұрмысы мен мәдениетімен танысып, "Үндістерге тән адам ақылы мойындайтын немесе мойындамайтын ғылыми жетістіктерге түсінік беру" еңбегін жазған. Кейін астрономия ғылымына арналған көлемді трактаты дүниеге келген. Осы еңбегінде бірінші рет Жердің Күнді айналатынын айтқан.

"Өмірімнің соңына қарай мені мынандай сауал мазалады: "Өмірде мен не бітірдім? Аса ешетеңе де емес" деп жауап беремін. Мен тек Жердің Күнді айналып қозғалатыны туралы болжамды қарастырдым. Жұлдыздар мен Күннің басқа күңгірт планеталарға қарағандағы біркелкі жалынды табиғатын, жұлдыздар қозғалысы мен Жерге қарағандағы олардың көлемділігін, тартылыс заңын дәлелдедім. Жердің бірінші үлгісін жасадым. Математикалық есептің көмегімен Жердің дөңгелек екенін және Жердің келесі бөлігінде құрлық бар екенін, онда адамдар өмір сүретінін дәлелдедім" деп келтіреді Бирунидің сөзін "Ғасырлар даналығы" деректі фильмінің авторлары.
Парсы тіліндегі әл-Бируни кітабындағы Айдың әр түрлі фазалары көрсетілген сызба
Парсы тіліндегі әл-Бируни кітабындағы Айдың әр түрлі фазалары көрсетілген сызба: adyrna.kz

"Бируни сол кездің өзінде Американың ашылатынын болжаған. Ол арғы бетте де құрлық бар екенін дәлелдеген. Бірақ Америка тек 5-6 ғасыр өткеннен кейін ашылды. Бируние жүзден астам еңбек жазған. Бізге жеткені бесеу десек те болады. Олар: "Минерология", "Үндістан" және басқа еңбектері. Осы еңбектерімен ол әлемдім сипаттағы ғалым деп танылды", - дейді Халықаралық қайырымдылық кеңес төрағасы Нозим Хабибуллаев.

Ол Бирунидің музыка саласын да жетік білгенін айтады.

Ал алгебраға байланысты көзқарасы "Жұлдыздар ғылымы" еңбегінде баяндалған. Осы еңбегінде геометрияға байланысты да пікір білдірген.

"Жер аттары басқа халықтың сол жерді жаулап алуымен бірге өзгереді. Олар өз тілдеріне көшіргенде, атау міндетті түрде өзгеріске ұшырайды, бірақ бастапқы мағынасын сақтап қалады", - деп жазады Әбу-Райхан әл-Бируни.

"Ислам – өркениет өзегі" деген мақалада Бирунидің ислам дінінен басқа діндерге құрметпен қарағаны жазылған.

"1047-жылы ғалым "Минерология" деген еңбегін жазған. Онда ғалым тылсым күштерге, магиялық күштерге сенудің орынсыздығын дәлелдеген. Сиқыршылық қараңғы адамдарға ерекше күш сияқты көрінетіндігі, ал ғылыми көзқараспен алып қарағанда оның ешбір ғажайып еместігін, қайта жалғандығын ашып, ғылыммен ортақ жері жоқ екендігін дәлелдеді. Сиқыршылықтың бір түрі алхимия екендігін, бірақ оның өз атымен аталмайтындығын атап өтеді. Бируни сондай-ақ Құран кәрімде айтылған су тасқынына байланысты көптеген зерттеулер жүргізген", - дейді мақала авторы.

Философия ғылымдарының кандидаты Данат Жанатаев Берунидің "Медицинадағы фармакогнозия" ("Китаб ас-Сайдана фит-т-тибб") негізгі еңбегі қазіргі уақытта үлкен маңызға ие екенін айтады. Мақала авторлары Жанатаев пен Құрманбайдың жазуынша, бұл кітапта ол 880-ге жуық өсімдіктерді, олардың жеке бөліктері мен бөлінуін нақты сипаттамаларын берді, терминологияны оңтайландырды. "Сайдана" ("Фармакогнозия") құрамында дәрілік өсімдіктердің таралуы мен олардың аудандары туралы бай материалдар да бар.

"Әбу Райхан әл-Бирунидің тарихи-географиялық еңбектерінде Орта Азия мен Шығыс Сібірдің тарихи этнографиясы, сондай-ақ Орта Азия көшпелі тайпаларының батысқа, Шығыс Еуропаға дейін қоныс аударулары, Қазақстан географиясы, оны мекендеген түркі тайпалары, олардың әдет-ғұрпы, салт-жоралғылары жөнінде құнды деректер беріледі", - делінген мақалада.

Ғылымның дамуына даңғыл жол салып кеткен аса көрнекті ғалым 1048 жылы 9 желтоқсанда Газни қаласында дүние салған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2099072-ortalyq-aziiadagy-algashqy-globusty-zhasagan-uly-abu-raihan-al-biruni-turaly-ne-bilesiz/