Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Орманға апарып қорлаған": Көкшетау тұрғыны арнайы полиция жасағы қызметкерлерін екі інісін ұрып-соқты деп айыптады

Опубликовано:

Полицейлер
Полицейлер. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ақмола облысының тұрғыны 17 және 18 жастағы інілеріне полицияның арнайы жасағы қызметкерлері шабуыл жасағанын айтты. Полиция департаментінің өкілдері бұл мәлімдемеге пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Жәбірленуші тараптың президентке үндеуі Instagram-дағы public kvg_zhivi парақшасында жарияланды.

Жәбір көрген жігіттердің әпкесі інілерін "Арлан" мамандандырылған және таңдаулы полиция жасағының қызметкерлері ұрып-соққанын айтты. Алайда бұл іс бойынша тергеу басталмаған. Қыздың айтуынша, полиция басшылығы қарамағындағы қызметкерлерінің әрекеті үшін жауапкершілік алудан бас тартқан.

Бұған қоса қыз отбасына қысым жасалып жатқанын айтты.

"Полиция қызметкерлері іссапардан қайтып келе жатып, Көкшетау қаласына апаратын жолда апатты жағдай тудырған. Содан кейін олар еш себепсіз наразылық білдіріп, балағат сөздер айтып, інілерімнен қала көшелерінің бірінде көлікті тоқтауды талап еткен.

Інілерімнің көлігі тапа-тал түсте көшеде тоқтаған соң, арнайы киім киген "Арлан" қызметкерлері көліктен түсіп, еш себепсіз ұрып-соға бастаған, сонымен қатар олар інілерімді еркінен тыс қызметтік көлікке отырғызған", - дейді Көкшетау қаласының тұрғыны.

Сонан соң, оның айтуынша, інілерін ұрып-соғуды жалғастырған, кейін оларды орманға апарып, ұрып-соғып, қорлаған және өлтіремін деп қорқытқан.

Ағайындылар қазір ауруханада жатыр. Қыздың сөзінше, 17 жастағы кіші інісіне ота жасату қажет.

Сондай-ақ ол полицейлер бастапқыда арызды қабылдағысы келмегенін, кейін ғана қабылдағанын айтты.

Қазір, оның айтуынша, екі полиция қызметкеріне қатысты "Бұзақылық" бабы бойынша іс қозғалған, дегенмен қыздың сөзінше, бес адам шабуыл жасаған.

Ақмола облысының полиция департаменті қыздың мәлімдемесіне жауап берді.

"Полиция қызметкерлері мен екі ағайынды арасындағы жанжалдың төбелеске ұласу фактісі бойынша полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Төрт қызметкер күдікті деп танылды. Сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тергеу мүддесіндегі басқа ақпарат жария етілмейді. Тергеу барысы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бақылауында", - деп хабарлады құқық қорғау органдарының өкілдері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2099270-ormanga-aparyp-qorlagan-kokshetau-turgyny-arnaiy-politsiia-zhasagy-qyzmetkerlerin-eki-inisin-uryp-soqty-dep-aiyptady/