Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтаулық әйел күйеуінен қорғауды өтінді: қылмыстық іс қозғалды

Жарияланған күні:

Арайлым
Арайлым. Фото: Lada.kz

Ақтау тұрғынының айтуынша, оның күйеуі әйелдің ізіне түсіп, қоқан-лоқы көрсетуде. Ол күйеуінен қорқатынын айтып, оған төтеп беру үшін көмек сұраған. Полицейлер қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Маңғыстау облысының полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ведомство баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, әйелді азаптау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Сондай-ақ қызметкерлерге қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр, өзге мәліметтер тергеу мүддесіне сәйкес жария етілмейді", - деді Маңғыстау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Ақтауда әйел адам күйеуі оның ізіне түскендіктен қаладан кетуге мәжбүр болғанын айтып, өзін қорғауды өтінген болатын.

Ол уақытта Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Ақтау тұрғынының күйеуі тек көлігін зақымдағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлаған болатын.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 110-бабына сәйкес, қылмыстық іс-әрекет салдарынан азаматтың денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян тимесе, ұдайы ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы тән зардабына я психикалық зардап шегуге ұшыратқаны үшін заң бұзушыға 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады, я болмаса сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу, не болмаса сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2099342-aqtaulyq-aiel-kuieuinen-qorgaudy-otindi-qylmystyq-is-qozgaldy/