Шығын мөлшері – 1 млрд теңге: Сирия мен Қазақстан азаматтары ұсталды
Жарияланған күні:
Полиция Түркістан облысы Созақ ауданы мен Шымкент қаласы аумағында Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарлар мен құстарды заңсыз аулау, сондай-ақ дериваттарды сақтау және сатуға күдікті адамдар тобының қылмыстық әрекетін анықтап, жолын кесті. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 7 адамды ұстады.
Полицияға жеткізілгендердің 4-еуі – Қазақстан азаматы, ал қалған үшеуі – елімізде тұруға ықтиярхаты бар Сирия азаматтары.
"Тінту барысында полиция олардан 382 ақбөкен мүйізін, 119 томаға, 20-дан астам құс ұстауға арналған тұзақ, 7 рация, аңшылық мылтық, 1 пневматикалық мылтық, оптикалық көру құралы, жарықтандырғыш, бинокль, шамамен 15 келіге жуық арқар еті және басқа да заттай дәлелдемелерді тәркіледі", - делінген хабарда.
Браконьерлік факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Мемлекетке келтірілген шығынның алдын ала есептелген көлемі 1 миллиард теңгеден асады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2099672-shygyn-molsheri-1-mlrd-tengge-siriia-men-qazaqstan-azamattary-ustaldy/