Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Батыс Қазақстан облысында тасқын салдарынан ауыз су мәселесі туындады

Жарияланған күні:

Шүмектен су тамшылып тұр
Шүмек. Көрнекі фото: pixabay.com

Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық ауданына қарасты 12 ауылдың тұрғындары ауыз судан қиындық көріп отыр. Өйткені су жинайтын ұңғымалар су астында қалды, деп хабарлайды 24.kz.

Батыс Қазақстан облысы қауіпті аймақтар қатарынан шықты. Гидробекет орналасқан Тайпақ ауылындағы Жайық өзенінің деңгейі осыдан бірнеше күн бұрын шекті деңгейден асып кеткенімен, қазір төмендей бастады.

Ақжайық ауданында Жайықтың жағасында орналасқан 32 ауыл қызыл судан аман қалды. Жағдайдың жақсарғанына қарамастан, Ақжайық ауданына қарасты ауыл тұрғындары ауыз су мәселесіне тап болды – 12 ауыл бірден ауыз судан қиындық көріп отыр.

Аудандағы су жинайтын ұңғымалар су астында қалды.

"Су сағат сайын беріледі. Үш-төрт шелекті ғана толтырып үлгереміз. Қысым өте әлсіз", - деп шағымданды Базаршолан ауылының тұрғыны Тұрсын Мұхамбетова.

Бұл жағдайға коммуналдық қызметтер өкілдері түсініктеме берді.

"Ұңғымаларға апаратын 19 электр желісінің тірегі зақымданған. Оның екеуі құлаған. Қазір халықты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік жоқ. Су қоймасындағы қор 15 күнге жетеді. Тәулігіне үш рет бес текше метр су береміз. Әзірге қалпына келтіру жұмыстарын бастауға мүмкіндік жоқ, тіректер су басқан аумақта орналасқан", - деп түсіндірді коммуналдық кәсіпорынның қызметкері Темірболат Құсанов.

Әкімдікте су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерге су жеткізу жұмыстары ұйымдастырылғанын хабарлады.

"Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін алты су тасушы пайдаланылды. Өзендегі су деңгейі төмендеген кезде барлық құрылысты тазартып, ауылдарды орталықтандырылған су құбырына қосамыз", - деді аудан әкімінің орынбасары Бейімбет Ғиззатов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2100035-batys-qazaqstan-oblysynda-tasqyn-saldarynan-auyz-su-maselesi-tuyndady/