Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Адвокат Гүлмира Сатыбалдыны Алматыға жеткізуді, ал сотты ашық түрде өткізуді сұрады

Опубликовано:

Қолына кісен салынған әйел
Қолына кісен салынған әйел. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы бас бостандығынан заңсыз айыру, өзінше билік ету және қорқытып алу ісі бойынша сот процесін өткізу үшін Гүлмира Сатыбалдыны Алматыға жеткізуді сұрады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Қазір Гүлмира Сатыбалды Астанадағы тергеу изоляторында қамауда. Алдын ала тыңдау барысында Сатыбалданың қорғаушысы Әсемгүл Даниалова сотталушының Астанада, мемлекеттік қорғаушысы, яғни қызы Шымкентте, ал іс Алматыда өтіп жатқандықтан, сотты онлайн режимде өткізу жөнінде өтініш білдірді.

Сонымен қатар адвокат Сатыбалдыны Алматыға жеткізу қиынға соғатынын, оған айыпталушының бірқатар диагнозы да себеп болып отырғанын айтты. Даниалова Сатыбалдының денсаулығы нашарлап кеткендіктен, оны Алматыға жеткізу жөнсіз екенін айтты.

Бұған қоса адвокат сот отырысы жабық есік жағдайында өтуін сұрады, өйткені "бұл іс қоғамда кеңінен талқыланғандықтан, қорғауындағы адам жақындарының қауіпсіздігіне алаңдайтынын" жеткізді. Қорғаушы сотталушыны видеоға түсіруге тыйым салуды өтінді.

Сот отырысына БАҚ өкілдерінің қатысуына екінші айыпталушы Батыршаевтың адвокаттары да қарсылық білдірді.

Ал жәбірленушінің адвокаты Рашид Теңізбаев, керісінше, процесс ашық және бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өтуі керек деп санайтынын, алайда оны онлайн өткізуге қарсы екенін айтты. Сондай-ақ Теңізбаев Сатыбалдыны Алматыға жеткізуді сұрады.

Прокурор қорғаушының сөзін құптады, ол да айыпталушыларды Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотына жеткізу қажет екенін айтты. Ол процесті жабық есік жағдайында және бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуынсыз өткізуге еш негіз жоқ екенін атап өтті.

Сот берілген өтініштер бойынша шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кетті. Өтініштерді қарау нәтижесі ертең, 16 мамырда сағат 11.00-де жарияланады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2101220-gulmira-satybaldyny-almatyga-zhetkizip-sotty-ashyq-tartipte-otkizu-suraldy/