Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тұрғындар шығынын нарықтағы ең қымбат бағамен өтеуді талап етіп отыр": сенат депутаты Құлсарыдағы жағдай туралы айтты

Опубликовано:

Шәкәрім Буктугутов
Шәкәрім Буктугутов. Фото: NUR.KZ / Бақытжан Отарбаева

Сенат депутаты Шәкәрім Буктугутов су тасқынынан зардап шеккен Құлсары тұрғындарының тағайындалған өтемақы көлемі мен шарттарына риза болмай, митингіге шыққанына байланысты пікір білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Оның сөзінше, тұрғындар заңда көрсетілген өтемақы көлеміне риза емес.

"Әлеуметтік желідегі, бұқаралық ақпарат құралдары беттеріндегі халықтың тарапынан сұрақтар қойылып жатқанын көріп отырмыз. Менің түсінуімше, тұрғындар шығындарын нарықтағы ең қымбат бағалау бойынша өтеуді талап етіп отыр. Бірақ арнайы құрылған комиссия бар. Шығындарды комиссия заң шеңберінде есептейді. Кірпіші ғана сынған болса, комиссия соны ғана есептейді.

Әр шығын жеке есептеледі. Мәмілеге келу керек. Шығындарды өтеуге ірі бизнесмендерді тартып, шешімін табамыз деп ойлаймын. Заң бойынша ең қажетті деген өтелуі керек шығын мөлшері мен Құлсары тұрғындары талап етіп отырған соманы қарастырып, бір шешім шығару керек. Үйінен, төрт түлігінен айырылып қалуына байланысты заңда көрсетілген шығындар толық өтеледі. Ал енді тұрғындар сұрап жатқан шығындарды өтеу үшін кәсіпкерлер тартылады деп ойлаймын", - деді сенат депутаты.

Сенатор жауапты министрліктер мен депутаттардың жағдайды бақылап отырғанын жеткізді.

"Төтенше жағдай министрлігі мен біздің бақылауымызда. Атырау облысында жағдай әлі де қиын күйде қалып отыр. Таңертең берілген ақпаратқа сәйкес, әкімдердің орынбасарлары халықпен кездесу ұйымдастырып жатыр. Барлық сұрақ келісімге келу кезеңінде жүріп жатыр. Комиссия 3000 үй бойынша есеп-қисап жұмыстарын жүргізген", - деді Шәкәрім Буктугутов.

Айта кетейік, Құласарыдағы су тасқынынан зардап шеккендер алдымен мәдениет үйінде жиналды. Жиналысты жергілікті әкімдік ұйымдастырды. Тұрғындар үйін қалпына келтіру шығындарының құны немесе зиянды өтеу туралы ақпаратты білуге келді. Олар шенеуніктердің жауабына қанағаттанбайтынын мәлімдеді және өтемақы сомасын қолма-қол немесе шотқа аудару арқылы беруді талап етті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2101616-turgyndar-shygynyn-naryqtagy-eng-qymbat-bagamen-oteudi-talap-etip-otyr-senat-deputaty-qulsarydagy-zhagdai-turaly-aitty/