Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Күйеуін ұрып өлтіріп, Жауғашты түрмесінде отырған 37 жастағы әйел жан сырын бөлісті

Опубликовано:

Түрме
Түрме. Көрнекі фото: Рolisia.kz

Алматы облысы Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 түзету мекемесі қаладан 50 шақырым жерде орналасқан. Мұнда жазасын өтеп жатқандардың ішінде күйеуін өлтіргені үшін сотты болған әйелдер де бар. Назарларыңызға сондай әйелмен сұқбат құрған Massaget.kz тілшісінің материалын ұсынамыз.

Басылым тілшісіне сұқбат берген алғашқы кейіпкер – Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, жасы 37-де. Ол Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігімен (адам өлтіру) 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Артында қалған бес баласы қазір Бағанашылдағы балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр.

2008 жылы тұрмыс құрған. Әйелдің айтуынша, күйеуі намазына берік, иманды болған. Алайда кейін араққа салынып, барынан айырылған. Тіпті басқа әйелмен кетіп қалған. Әйел күйеуін пышақтап өлтіргені үшін сотталған. Кесілген мерзімнің әлі 5 жылын темір торда өткізуге тиіс.

– Оқиға қалай басталды?

– Күйеуім күнде ішіп келетін, ішкен күнде газ баллонмен арпалысатын. Бір күні оянсам, мұрныма иіс келіп жатыр. Күйеуім ішкен жерінде құлаған, газ баллоны ашық қалған. Сөйтіп 2013 жылы бір өлімнен аман қалдық. Ішкен кезде есін білмей, тапқан-таянғанын араққа құртатын. "Осы менің досым" дейтін. Үйден айлап жоғалатын. Туысқандарына да айтатынмын. Кейін адам қалпына келеді де, 2-3 айдан кейін қайта бұрынғы әуеніне басады. Үйдегі сапалы заттың бәрін сатады. Басында бәрі жақсы болған. Ол кезде 5 уақыт намазын оқитын. Шынымен Алладан қорқатын шығар деген үміт болды. Кейін араққа салынды. Сосын қайта намазын оқитын. 2012 мен 2021 жыл аралығында қанша рет "102" шақырдым. Кейде аптасына 5-6 рет шақыратынмын. Ішіп алғаннан кейін үйдегі заттың бәрін шағатын. Бір күні кеудеме бөтелкенің сынығын тығып жіберген кезі болды.

Ол менің намысыма тиетін жаман сөз айтатын. Маған "Неге мешіттегі адамдар көмектесіп жүр? Мүмкін мен жоқта басқа байларың келіп жүрген шығар" дейтін.

Соңғы сөйлескеніміз есімде. Түнде келді. Аздап ішіп алған. Қолында пакеті бар. Мен "далада қонасың, ішкен соң үйге кірмей-ақ қойшы" дедім. Бір кезде қарасам, үйді айнала жүгіріп жүр. Сыртқа шықсам, "артымнан қара киінген біреу қуып жүр" деді.

Бір күні ұлым түнде әжетханаға барғысы келіп кетті. Соның қасында өрік ағашы болатын. Ұлым "Мама, ағашта біреу асылып тұр" деді. Жақындап барсақ, күйеуім асылып тұр. Есіктің алдында сым тұрған еді. Ұлым көршіні шақырып келді, мен пышақпен қиып үлгердім, алайда мойнына батып кетіпті. Сол кезде тірі қалды.

– Күйеуіңізбен ажырасқыңыз келмеді ме?

– "Ертең балаларыма не деп айтамын?" деп ойладым. Балаларымды әкесіз өсіргім келмеді. Негізі қазір ойлап отырсам, еркек бір рет қол көтерсе, бірден ажырасу керек екен. Бала-шағаға ондай тәрбиенің қажеті жоқ. Олар қанша ұрыс-керіс, төбелесті көрді. Мен олардың психологиясын құртып алдым. Негізі балаларым ашық, ақкөңіл еді. Қазір үлкен қызыммен сөйлескенде кеудесінде өксік тұрады. "Анашым, бізде қазір бәрі бар. Бірақ сіз ғана жетіспейсіз" дейді. Менің сиқырлы таяғым болып, бостандыққа шықсам, еркек атаулыға жоламаспын.

Негізі таяқтың екі ұшы болады ғой. Әйел адам темір емес. Ол да біреудің мәпелеп, аялап өсірген қызы. Тамағын пісіреді, кірін жуады, балаларын тәрбиелейді, бірақ сонда да әйел кінәлі. Әрине, көпке топырақ шашқым келмейді. Қанша дегенімен, әйел адам нәзік қой. Қандай жағдай болмасын, "балаларымыз жыламаса, жетімдер үйінде өспесе, жетімдер санын көбейтпесе" дейміз.

Бастапқыда бәрі жақсы болды. Бірақ екінші балаға аяғым ауыр болған кезде іше бастады. Кейін ұрып-соғуы да қосылды. Мен ешқашан оған қарсы шықпайтынмын. Мен мүлдем үйден кетпедім. Біз жалдамалы пәтерде тұрдық. Анам ерте қайтыс болған соң, бала-шағамды алып, әкемнің үйіне барғым келмейтін. Өзімді "ажырасып кеттім" деп түсіргім келмейтін. Күйеуім пакетке киімдерін жинап кетіп қалатын. Материалдық жағдайдың жетпейтініне қынжылатын да шығар деп ойлайтынмын. Бірақ оған ештеңе керек болған жоқ. "Өлсем, бәрі артымда қалады ғой" дейтін. Сол кезде көзім соқыр болған. Қазір бұл туралы көп ойлаймын ғой. Мен оған құдайымдай сенетінмін. Не десе де, жарайды деп жүретінмін. Түбі осыған әкелді.

– Күйеуіңіздің жағдайын туған-туыстарыңызға айттыңыз ба?

– Ата-анасына қанша рет хабарласып айтқанмын. 2019 жылы ата-анасы тірі еді. Енеме айтқанда, "енді мен не істеймін, мен туғанмен, мінезін туған жоқпын ғой" дейтін. Туған ағалары да келіп, сілкіп алатын. Сол кезде қолына Құран ұстап, енді ішпеймін деп уәде берген. Менің де отбасым біздің жағдайды білді. Ағам тек "баяғыда ажырасып кетуің керек еді" деді.

– Болған жайтқа қатысты балаларыңызбен сөйлестіңіз бе?

– Балаларым келген кезде сөйлестім. Үлкен 3 балам бәрін түсініп тұр. Төртінші қызым әлі білмейді. Бұрынғы күйеуім екі қызымды ұрған еді. Олар "анашым, әкесіз өмір сүрген жақсырақ" дейді, ал ұлым "анашым, басқа қалаға кетіп қалғанымызда ғой" дейді. Балаларым әкесін мүлде сұрамайды.

Балаларымды көріп тұрамын. Ашық есік күндерінде осында әкеледі. Екі сағат бірге өткіземіз, ал былай бейнеқоңырау арқылы күнде сөйлесеміз.

– Не себептен балаларды туыстарыңызға бергіңіз келмеді?

– Мен балаларды екі жаққа да бергім келмеді. Балалар болған соң ұрсысып қалады ғой. Оған қоса, қыздарды қатты уайымдаймын. Туысқандарымның ер жетіп тұрған ұлдары бар. Қандай жағдай болуы мүмкін екенін білмеймін ғой. Ешкім қысым келтірмеуі үшін бергім келмеді. Төбелесіп қалса, балаларындың жүрегінде дақ болып қалады ғой. Ал балалар үйінде оларды ешкім өлтірмейді. Барлық жерде камера бар. Маған жаныма қатты бататыны – балаларым ауырғанда жанында бола алмау. Былтыр қызым соқыршек болып, ота жасалған. Сол кезде қатты жүрегім ауырған.

Сіз сияқты зорлық-зомбылық көрген әйел көп пе осы жерде?

– Көп. Бәрі бір-біріне ұқсас жағдай. Ішті, соқты дейді. Басын шифрмен, күрекпен ұрғандар бар. Бәрі балалары үшін шыдаған. Ұят болғаны үшін қалғандары бар.

– Тұрмыста зорлық-зомбылық көріп, болашақта жолдасым өзгереді деген сеніммен өмір сүріп жатқан әйел көп. Оларға не дейсіз?

– Қазір тұрмыстағы зорлық-зомбылық көбейіп кеткен сияқты. Кез келген әйелден сұрасаңыз, "күйеуім ішеді, ұрады" дейді. Мүмкін, заңға өзгерісті бұрын енгізгенде әйелдер сотталмай, балалар жетімдер үйінде өспейтін бе еді? Оларға сабыр берсін. Бес саусақ бірдей емес қой. Бәріне бірдей топырақ шашқым келмейді. Әйел де, еркек те өсіріп отырған ұл-қызын ойласа деймін.

– Бостандыққа шыққаннан кейін қандай жоспарыңыз бар?

– Егер сиқырлы таяғым болып, сол күнге қайтып оралсам... Мен Алматыдан басқа қалаға кетіп қалар едім.

Бостандыққа шыққаннан кейін өз баспанамда балаларыммен бірге тұрсам деймін. Негізі мен аспазбын. Сол машықты қайта қолға алсам деймін. Бала-шағаммен таңым атып, күнім батса, маған одан басқа ештеңе керек емес. Бар байлығым, бар қызығым – солар. Олармен қара су ішіп, қара нан жесем де бақыттымын. Осында отырған кей әйелдердің балалары да, ешкімі жоқ. Мен шүкір деймін. Мені бостандықта күтіп отырған балаларым бар.

Автор: С.Бөлек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2101655-kuieuin-uryp-oltirip-zhaugashty-turmesinde-otyrgan-37-zhastagy-aiel-zhan-syryn-bolisti/