Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Депутат Қазақстанда тұрғын үйді міндетті сақтандыру тетігін енгізуді ұсынды

Опубликовано:

Қайық су бетімен жүзіп барады
Петропавлдағы су тасқыны. Фото: t.me/aqorda_resmi

Сенатор Бибигүл Жексенбай бүгін жалпы отырыста төтенше жағдайдың залалын өтеудің жаңа тәсілдерін ұсынды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбайдың мәліметінше, биыл тасқын судан 13 мыңға жуық жеке тұрғын үй зардап шеккен.

Оның айтуынша, Қазақстан аумағының 75 пайызы табиғи апат қаупі жоғары аймақтарға жатады.

"Бұл табиғи апаттан сақтандыру мәселесіне ерекше назар аударуды талап етеді. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, табиғи және техногендік апат аймағы бар елдерде ықтимал ауқымды шығындарға байланысты мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы арнайы сақтандыру қорлары мен міндетті сақтандыру жүйесі жұмыс істейді", - деді сенатор.

Сенат депутатының сөзінше, шығындарды жабу үшін мемлекеттік қорлар құрылады, жетекші халықаралық қайта сақтандырушылардың міндетті қайта сақтандыру есебінен қаржының жинақталуы сақталып тұрады.

"Ешбір ел өз аумағында болған апат тәуекелінен залалды дербес өтей алмайды. Табиғи апаттардан  төтенше жағдайлар кезінде келтірілген залал отандық сақтандыру жүйесінің дамымағандығынан өте сирек  өтеледі.

Мұндай жағдайда зардап шеккендерді тұрғын үймен қамтамасыз ету және олардың қаржылық мәселелерін шешу ауыртпалығын түгел дерлік жергілікті атқарушы органдар мен Қазақстан Республикасының үкіметі көтереді. Елімізде халықты жылжымайтын мүлікті міндетті сақтандыруды енгізу мүмкіндігі соңғы жиырма жылда кезең-кезеңімен талқыланып келеді.

Алайда бұл бағыттағы жұмыс жүйелі, мақсаттағы жүргізілмегендіктен, елімізде сақтандыру компанияларына сенім төмен, сақтандыру мәдениеті қалыптаспаған", - деді Бибигүл Жексенбай.

Сенатор осыған байланысты үкімет басшысына тұрғын үйді міндетті сақтандыруды талқылау үшін мекемеаралық комиссия құруды ұсынды.

Ол төтенше шығындарды өтеу тұрғысынан отандық сақтандыру компанияларының мүмкіндіктеріне талдау жасау керек екенін алға тартты.

"Төтенше жағдай қаупі туралы алдын алу шараларын қабылдау барысында халыққа ескерту үшін барлық жағдайды қарастыру керек", - деді ол.

Одан басқа, халықты табиғи апаттан қорғауға бағытталған тиісті заң жобасы әзірленуге тиіс және онда қалпына келтірілген тұрғын үйді азаматтардың меншігіне берудің нақты тәртібін реттеу мен сақтандыру ұсынылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2101712-deputat-qazaqstanda-turgyn-uidi-mindetti-saqtandyru-tetigin-engizudi-usyndy/