"Асфальт көрген емеспіз": Ақтөбеде ғасырдан аса тарихы бар көше тұрғындары өркениетті аңсап отыр (фото)
Жарияланған күні:
Ақтөбе қаласындағы Лев Толстой көшесінің тұрғындары көмек сұрайды. Бір ғасырдан аса тарихы бар көшені көктемде балшық, жазда шаң басады. Қаланың қақ ортасындағы көшеде жарық та жоқ, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, кешкі уақытта көшеде жүру қауіпті.
"Менің жасым 65-те. Осы көшеге келін боп түстім. Қазір әже болсам да, әлі күнге балшыққа батып жүрмін. Осы көшенің жағдайы өзгермеді. Асфальттың болмағаны қиын. Кішкене жаңбыр жауса балшық кешіп кетеміз. Көшемізде шамдар жарқырап жанып тұрғанын армандаймыз", - деді тұрғын Айсұлу Аюпова.
Ақтөбе қаласы Мәскеу ауданындағы ұзындығы 740 м болатын Толстой көшесінде 76 үй бар. Көшеде бұрын-соңды асфальт болмаған.
"Өзім 1985 жылдан бері осы жерде тұрамын. Бұл жерде әке-шешем, атам да тұрған. 1958 жылы қаладағы Мәскеу ауданы құрылып жатқанда көшіп келдік. Сол уақыттан бері бұл көше асфальт көрген емеспіз. Биыл ғана қырып, тегістеді. Әкімдік тарапынан назар аударылса дейміз", - деді тұрғын Данияр Ахметов.
Жиналған тұрғындардың тілегі бір - өркениетке жету.
"Мен де осы көшенің тұрғынымын. Өзім осында 2002 жылдан бері тұрамын. Бұл көше Ақтөбе қаласының іргесі қаланғаннан бері бар. Қаланың іші. Көшемізде асфальт жоқ, жарық жоқ. Үлкен кісілерге емханаға барудың өзі мұң", - деді тұрғын Егізбай Сексенбаев.
Тұрғындардың тілегін тыңдауға Ақтөбе қаласындағы Астана ауданы әкімдігінен бір топ өкіл келді. Халықтың талабын тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
"Лев Толстой көшесіндегі халықтың шағымы бойынша келіп тұрмыз. Асфальт салу мәселесі бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде жоба сызбасын дайындау үшін байқау жарияланды. Мердігер анықталғаннан кейін жоба дайындалады. Қазіргі таңда автогрейдермен тегістеу жүрді. Жақында қиыршық тас төселеді. Бұл асфальт салынғанша уақытша жұмыс. Осы айдың аяғына қарай көше жапрығына қатысты сұрақ қаралады”,- деді Астана ауданы әкімінің орынбасары Әлімбек Бектеміров.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2101787-asfalt-korgen-emespiz-aqtobede-gasyrdan-asa-tarihy-bar-koshe-turgyndary-orkenietti-angsap-otyr-foto/