Тікұшақ апатынан қаза болған құтқарушының қызы тасқыннан зардап шеккен елге қалай көмек беріп жүр
Жарияланған күні:
34 жастағы Әмина Жәрдемқызы – су тасқынынан болған апат кезінде істің бел ортасында жүрген волонтерлардың бірі, штаб жетекшісі. Ол 2013 жылдан бері волонтер болып келеді. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген ол Атырау облысында су тасқынынан зардап шеккен халыққа көмек туралы айтты.
– Әмина Жәрдемқызы, Атырауда су тасқынына кейінгі жағдай қалай?
Республиканың түкпір-түкпірінен көмек келіп жатыр. Әлі күнге дейін штабта бел жазбай жұмыс істеп жатырмыз. Түрлі компаниялар біз арқылы көмек жібереді, біз оны Құлсарыға жіберіп отырамыз. Су тасқыны болып жатқан кезде айтпай аяқ астынан келіп қалатындар болды. Сондай кезде қиналып қаламыз, оларды бөлу, есеп-қисабын жасау – көп адаммен бітетін іс, еріктілерді үйіне жіберіп қойсақ, кісі қолы аз болып қалады. Жалпы қазақстандықтар жылы тілектерін білдіріп, барынша қолдап жатыр. Мәселен Алматы облысынан бір жәшік алма келді, өз бақшасының алмасы екен. Ішінен хат тауып алдық, өлең жазып жіберіпті. Қызық жағдайлар да болып тұрады. Құлсарыға азық-түлік жіберуге дайынбыз деп блогерлер хабарласты, бірақ оларға төбеден әдемі видео жасау үшін тікұшақ беруіміз керек екен. Тікұшақ гуманитарлық көмек, адам мен мал жанды тасуға қажет. Сондықтан бізде мұндай мүмкіндік жоқ.
– Наурыздың аяғынан бастап жұмыс істеп жатыр екенсіздер. Үш ай бойы күн демей түн демей жүрсіздер. Қиын емес пе?
Наурыздың аяғында Ақтөбеге көмек жинай бастадық. Онда сегіз тонна гуманитарлық көмек жіберілді. Одан кейін Құлсарыда су тасқыны басталды. Қырық күннен асып кетті. Тасқын кезінде штабта қонып қалып жүрдік. Жүк көліктерімен келген көмекті түн жарымына дейін есептейміз, жазамыз, сұрыптаймыз. Көмек ел аймақтарынан, сонымен қатар шетелдерден келді. Қырғызстаннан төрт жүк көлігі келген. Дағыстан да көмек жіберді, Астрахан қазақтары да көмек берді. Ұйымдастыру да оңай емес, бұл – үлкен жауапкершілік. Кей адамдар ұйымдастырып жүрген соң күмәнданып, түрлі қауесет таратады. "Өзінің туыстарына береді, достарына таратады" дейді. Осындай сөздер көңілге кірбің түсіреді. Бірақ бір бұрышта ренжіп отыратын уақыт емес, іске кірісетін уақыт.
– Әлеуметтік желідегі бір жазбаңызда әкеңіз де құтқару саласында еңбек етіп, көмекке бара жатып, қаза болғанын айтыпсыз. Әке жолын қуған қыз екенсіз...
Әкем әуе инженері болған. 36 жыл авиа саласында қызмет етті. Өмірінің соңғы он екі жылында Төтенше жағдай министрлігі жанындағы "Қазақстан авиа құтқару" компаниясында жұмыс істеді. 2023 жылы 23 ақпанда Орал маңында тікұшақ құлап, әкем қаза тапты. Осы су тасқыны кезінде тікұшаққа көп отырдым. Сол кезде әкем есіме түсіп, тебіреніс үстінде пост жазған едім. Әкем адалдық, шыншылдық, еңбекқорлықты бойыма жастайымнан сіңірді.
Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет!
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2102858-tikushaq-apatynan-qaza-bolgan-qutqarushynyng-qyzy-su-tasqynan-zardap-shekken-elge-qalai-komek-berip-zhur/