Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір гектар жер ақысыз беріледі": Ақтөбе облысында бір ауылдың халқы көктемде түгел бақша егуге шығады (фото)

Жарияланған күні:

картоп егу
Картоп еккен тұрғындар. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде бір ауылдың халқы бақша басында жүр. Жер жыртып, тұқым салып жүргендер қатарында мемлекеттік қызметкерлер мен мұғалімдер де бар. KAZ.NUR.KZ тілшісі көктемгі науқан жұмыстары басталған ауыл тірлігімен арнайы барып танысты.

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ауылдың ақсақалынан бастап, балаларға дейін тұқым салуға шығады.

Тұрғындардың айтуынша, картоптың жақсы өнім беруі оның егу және түйнек тастау кезіндегі ауа температурасына тікелей байланысты. Сондықтан уақытымен баптасаң, көп өнім жинауға мүмкіндік мол дейді.

ауыл тұрғыны
Ауыл тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Біз бұл жерге Кеңес кезінен бастап картоп егеміз. Өзім 1985 жылы бастадым. Жұмыс мамыр айының ортасында басталады. Бұл жер жылыған уақыт. Салған бойда картоп шықпайды. Екі аптада бой көтереді. Осы уақытта суару басталады. Жылда отбасым үшін өзім екі сотық жерге картоп егемін. Үйге, балаларыма жетеді. Тұқымды облыстағы Петропавловка ауылынан аламын. Тұқым бір жылдық. Дәмді өнім алу үшін жылда жаңасын аламыз", - дейді Мәртөк ауылының тұрғыны Қуаныш Мырзағұлов.

жер өңдеу
Жер өңдеу сәті. Фото: KAZ.NUR.KZ

Бақша егу үшін ауыл тұрғындарына жер алу тегін. Еңбек етемін деген әр тұрғынға бір гектарға дейінгі жер ақысыз беріледі. Әрі қарай тұрғындар оны пайдаға жаратуын көрсету арқылы мерзімін ұзарта алады.

Көкөністің түрін егіп, жылда мол өнім алып отырған тұрғындар аз емес. Алпыс жастағы Игілік Жұмабаев та асқабақтың тұқымын ала келген.

ауыл тұрғыны
Ауыл тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Мен тек асқабақ егемін. Сегіз сотық жерден сегіз тонна өнім аламын. Мұнымен бала кезден айналысамыз. Сатып көрген емеспін. Балаларға, ағайын-тумаға бөліп беремін. Мен үшін хобби. Жазда немерелерім келгенде көмектеседі. Асқабақ асқазанға пайдалы. Біздің үйде дайындалатын тағамның бәріне асқабақ қосылады. Асқабақтан ботқа, сорпа, торт, печенье пісіреміз. Ол денсаулыққа пайдалы", - дейді Игілік Жұмабаев.

Тұрғындар тамшылатып суару технологиясын пайдаланады. Кейбірі оны "Ауыл аманаты" бағдарламасы арқылы іске қосқан.

картоп егу жұмысы
Картоп еккен тұрғындар. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Жерді жақсы көреміз. 2004 жылы отбасымызбен Қарақалпақстаннан көшіп келдік. Ол жақта жер құнарлы болмады. Мәртөкте бау-бақша егумен отбасымызбен тұрақты айналысамыз. Бұл жақтың топырағы құнарлы. Салған тұқым көгеріп шыға келеді. Биыл 30 сотық жерге картоп, қалғанына қызанақ, қияр, баялды, бұрыш, асқабақты араластырып еккім келеді. Отбасым үлкен. Жерді қарасаң, баптасаң ертең өзіңді бағады. Несібең бұйырады. Үш ұлым, оншақты немерем бар. Өткен жылы 60 сотық жерден 7-8 тонна картоп алдым. Күтімді жақсы көреді. Жер құнарлы. Қазір демалысты пайдаланып, бала-шағамен картоп егіп жүрміз", - дейді 57 жастағы тұрғын Қуандық Дариябаев.

тұрғындар
Тұрғындар. Фото: KAZ.NUR.KZ

Зейнеткердің бала-шағасы, келіндері де қасында жүр. Алдын ала тегістеліп дайындалған жерді бірі қазып, екіншісі тұқымды салып, келесісі оны көміп кетеді.

"Бұл шаңыраққа келін болып түскеніме 13 жыл болды. Мектепте мұғаліммін. Төрт балам бар. Келін болып түскелі картоп егуге қатысамын. Атам балаларының бәрін жастайынан еңбекке баулып өсірген. Қолымыз босағанда бақшаға көмектесуге шығамыз. Біз егуге және жинайтын кезде көмектесеміз. Жаздай қайын інілерім қарайды", - деді ақсақалың келіні Әсия Тұрғанбайқызы.

Мәртөк ауданының тұрғындары
Мәртөк ауданының тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Мәртөк ауылдық округінің әкімі Орынғали Қонысбаевтың ауынша, тұрғындар 40 гектар көлеміндегі жерді тегін пайдаланып отыр. Биыл ауылда 80 адам бақша егумен айналысуды бастады.

ауыл әкімі
Ауыл әкімі. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Заң бойынша бір адамға бір гектар жер тегін. Оны қолданып, пайдаланғаннан кейін үш-бес жылға дейін мерзімін ұзартамыз. Әркім жағдайына қарай сұрайды. Тұрғындар қияр мен қызанақты ауласында егіп, бұл жерге картоп, қауын-қарбыз өсіреді. Арнайы схема бар. Жауапты адамдар бекітеміз. Екі айда малдан, ұрлықтан қорғау үшін тұрғындар 1000 теңгеден жинап, күзетші жалдайды. Шыққан өнімінен бір шелектен береді. Олар да осы жердің адамдары. 24 сағат күзетеді. "Ауыл аманаты" бағдарламасымен жүгері, қарбыз-қауын егіп жатқандар бар. Судан қиындық жоқ. Жері құнарлы. Өнімнің дәмі бөлек. 40 жылдан бері осы жерден өнім алып отырған тұрғындар аз емес. Мұғалімдер де, мемлекеттік қызметкерлер де жермен жұмыс істейді", - дейді Мәртөк ауылдық округінің әкімі Орынғали Қонысбаев.

Автор: Ардақ Ерубаева

егу жұмыстары
Егу жұмыстары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2103365-bir-gektarga-deiingi-zher-aqysyz-beriledi-aqtobe-oblysynda-bir-auyldyng-halqy-koktemde-tugel-baqsha-eguge-shygady-foto/