Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендер: Жаңа үйлер мемқызметшілердің туыстарына салынып жатыр (видео)

Жарияланған күні:

Су тасқыны салдарынан залал келген үй
Су тасқыны салдарынан залал келген үй. Фото: mgorod.kz

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының тұрғындары Жымпиты ауылында жиналып, мәселелерін баяндады. Жергілікті тұрғындардың үйі су тасқынынан зардап шеккенімен, олардың үйі апатты деп танылмаған. Азаматтар мәселеге қатысты жанайқайын жеткізді, деп хабарлайды "Мой город" басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Басылым жазуынша, 27 наурызда Сырым ауданының үйлеріне жазық даладан ірі су ағындары келген. Жұрт тез арада эвакуацияланған.

Қазір ауыл тұрғындарының басым бөлігінің үйлерінде қабырғалары сөгіліп, жарықтар пайда болған, терезелер мен қабырғалар қисайған, іргетасы отырып қалған, ішінде ылғалдың иісі тұр.

Оған қоса құзырлы органдар үйлерді техникалық тексеруден өткізгеннен кейін жергілікті тұрғындар олардың қабылдаған шешіміне наразылық білдірді. Олардың айтуынша, аса су астында қалмаған үйлер мемлекеттік қызметкерлердің туыстарына тиесілі және оларға жаңа баспана берілмек. Жергілікті тұрғындар жемқорлыққа жол берілгеніне күдіктенеді.

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар
Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар. Фото: mgorod.kz

"Бұл үйлердің бірінің иесінің ұлы Мәдениет үйінің директоры, ал екінші үй қожайынының баласы ТЖ қызметкері, біз әділетсіздікке жол бермейміз! Жиналыста Кенжегүл апа бұл үйлердің тек дәліздерін су басқанын айтты. Неге оларға жаңа үй салмақ, ал су басқан өзге үйлерді тек жөндейміз дейді?" - деді Жымпиты тұрғыны Лиза Байзақова.

Сайдана Бекташева 27 наурызда сағат 18.30-да әкесінің үйін су басқанын хабарлады. Сол кезде ол үш баласымен бірге оның үйінде болған екен. Әйел балаларды бірден үйден алып шыққан, бірақ қарт кісіні де көтерісіп алып шығуға тура келген.

"Біз бірінші болып зардап шеккендердің біріміз. Біздің үйіміз еріген қар суы ауламыздан өтетіндей жерде орналасқан. Биыл көп су тасқыны болды, әлбетте біздің де үйімізді су басты: дәретхана, шаруашылық құрылыстары, жертөле, бәрін су басты. Үйімізді бұзып, орнына жаңасын салуды талап етеміз, өйткені мұндай жағдайда өмір сүру мүмкін емес", - деді Сайдана Бекташева.

Әйел жергілікті әкімге үй құлағалы жатыр деп шағымданған. Саман үйі (іргетассыз, балшықтан қаланған үй) құрылғанына 30 жылдан астам уақыт болды. Ол іргетас құйылмай тұрғызылған. Сырты кірпіштен тұрғанымен, қазір саман оны итеріп тастап жатыр. Шатыры қисайған. Әйелдің айтуынша, оларға жөндеу жұмыстары үшін 3 миллион теңге беріледі деп уәде етілген, бірақ олар бұл шартпен келіспейді, себебі ауыл тұрғынының айтуынша, бұл ақша баспананы қалпына келтіруге жетпейді.

Су тасқыны салдарынан үйдің сөгілген қабырғасы
Су тасқыны салдарынан үйдің сөгілген қабырғасы. Фото: mgorod.kz

"1,5 ай бойы ешқандай нәтиже жоқ. Бұлай болатынын ешкім білмеген, мен 1986 жылдан бері осында тұрып жатырмын. Бізге үлкен үй керек. Мемлекет көмектессін. Өйткені президент барлығына көмектесуге уәде берген болатын", - деді Құбайдулла Мүсіров.

Қазір оның үйінде кеппеген жиһаз тұр, су тасқыны салдарынан линолеумге залал тиген, тұсқағаздар түсіп қалған, сылақ ыдырап, үйде қатты ылғалдың иісі тұр.

"Амал жоқтан мен барлық кілемімді төсеуге мәжбүр болдым, өйткені әлі күйеуімнің басына құран оқытуым керек. Бізге жөндеуге 900 мың теңге ғана бөлінбек, мен мұнымен келіспеймін, мүлдем су кірмеген үйлер бар, ал оларға жаңа үй салып бермекші. Бізде тек екі пәтерлі үйіміз бар, оның өзі қирауға тақап отыр", - деп шағымданды Жымпиты тұрғыны Баян Идиятова.

Жымпитыдағы су тасқынынан залал тиген үй
Жымпитыдағы су тасқынынан залал тиген үйдің іші. Фото: mgorod.kz

Ауыл тұрғыны Азамат Құдияров үйлері Өлеңті өзенінің бойында орналасқанын айтты. Былтыр олардың үйін су қоршаған, бірақ ол кезде ешкім бөгет салмаған. Ал биыл барлығын да су басты. Оның ауласында екі үй бар, біреуі жаңа – бес жыл бұрын салынған, екіншісі ескі, құжаттары жоқ.

"Бізге жаңа үй тұруға жарамды деп айтқан. Оған қоса мен де оны сүргім келмеген еді. Бірақ оны жөндеуге небәрі 2,9 миллион теңге берілмек. Мен мұнымен келіспеймін. Қазір құрылыс материалдары өте қымбат. Менің 5 балам бар. Жаңа үйді тұрғызуға кемінде 10 миллион теңге қажет болды, ал олар үйді қалпына келтіруге 3 есе аз сома ұсынбақ. Олай болса үйді бұзсын немесе жөндеуге жеткілікті сома бөлсін", - деді ол.

Азаматтың жұбайы Лиза Байзақова жаңа үйді несиеге салғанын айтты. Жақын маңда тағы төрт үй су астында қалғандықтан, оларға жаңа баспана салынып жатыр.

"Әкімдікте маған үйлері бар төрт қожайынға келесі жылы тағы да үйлерін су басса, екінші рет көмектеспейміз деп шарт қойғанын айтылды, ал бізге келесі жылы тағы көмектеседі деп сендірді", - деді әйел.

Гүлдана Шайхиева да жанайқайын айтып, биліктен әділдік көре алмай отыр.

"Біздің үйіміз 3 күн бойы су астында болды. Ол 1956 жылы құрылған. Су тасқыны салдарынан ол күн санап ақырын қирауда. Бізге жөндеуге ғана ақша бөлінетінін білдім. Әкімге өтініш жазып, өзімен кездескім келген еді, бірақ кіргізген жоқ. Мен әкім орынбасарына жүгіндім. Ол жақта күрделі жөндеуден өткізудің шарттарымен келіспесем, сотқа немесе "Даумшар" компаниясына (үйлерге техникалық тексеру жүргізген тәуелсіз компания) жүгінуді ұсынды. Олар басында тек келіп, бәрін суретке түсіріп, тез арада кетіп қалды.

Мен оларға екінші рет қоңырау шалған едім, алайда ешкім келген жоқ. Арыз жаздым. Жиналыста сұрақ қойдым: сотқа жүгініп, жеңіліп қалсам не болады? Бөлінген 300 мың теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізгенімнің өзінде көп ұзамай үйім қираса, қайда барып тұрамын? Ол күн санап отыруда, қалай жөндетсем болады? Үйімді қайта тексеруді талап етемін", - дейді Гүлдана Шайхиева.

Ал су тасқынынан зардап шеккен Жымпиты тұрғыны Венера Габассова зардап шеккендер тізімінде мүлдем жоқ.

"Бағалаушылар бізге мүлдем келген жоқ, мен бұл үйде екі баламен тұрамын, өйткені бұл үй – уақытша тұрғын жай. Өзге үйім болмаса, не істеуім керек екен? Олар маған я жаңа үй салмайды, я жөндеуге ақша бөлмейді", - деді ол.

Сондай-ақ Өлеңтіде жаңа үйлердің құрылысы басталып кеткен. Компаниялардың бірі – "ProfLine Construction" ЖШС.

"Үйлердің құрылысы 4 мамырда басталған. Біздің компаниямыз 14 үй салып жатыр. Олардың жалпы саны – 29. Олар бастапқы тұрғын үй болмақ, санитариялық торап, газ, электр қуаты. Бір үйдің құны жоба бойынша шамамен 22 миллион теңге. Мамандар бастапқы тұрғын үйді салу құны қанша екенін есептейді. 15 тамызда біз кілттерді тапсыруымыз керек. Құрылыс жұмыстары бойынша еш қиындық туындаған жоқ. Мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп жатыр", - деді "ProfLine Construction" ЖШС директоры.

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов өз ауданында Жымпиты, Өлеңті, Бұлдырты сияқты бірнеше елді мекенді су басқанын айтты. Су тасқынынан соң комиссия құрылып, олар су басқан үйлердің барлығын аралаған. Осылайша 253 үйге су кіргені анықталды.

"Одан кейін біз техникалық тексеру жүргізген аккредиттелген тәуелсіз ұйымды шақырдық. 114 үй тұруға жарамсыз екені анықталды. Қазір жөндеу жұмыстарын бастадық. Оның 44-і Жымпитыда, 39-ы Өлеңтіде және 25-і Бұлдыртыда, сондай-ақ бір үй Көдіқара ауылында салынады", - деп түсіндірді Қайрат Төлепов.

Әкім орынбасарының айтуынша, жергілікті тұрғындар техникалық тексеру жүргізетін ұйымның сенімділігіне күмәнданып жатыр.

"Тәуелсіз компаниямен келіспейтін тұрғындар бар. Біз сотқа шағымдануды ұсынамыз. Бұған қатысты арыздануға болады. Сот шешімі шыққаннан кейін шешім қабылдаймыз. Қандай үйлер сүрілетінін әкімдік шешпейді", - деді Қайрат Төлепов.

"Даумшар" жобалау компаниясының сарапшысы Мейрамбек Идресов ауыл тұрғындарының арыз-шағымдарына жауап берді. Ол су басқан үйлерді тексеру жұмыстары нормаға сәйкес қатаң тәртіп бойынша жүргізілетінін айтты.

"Жымпиты ауылында үйлер кімнің меншігінде екенін, олар кім болып жұмыс істейтінін білмейміз. Кейбір үйлердің қабырғаларында жарықтар болған. Бірақ ол жарықтар нормаға сай еді. Ал адамдарға расымен қауіп төндіретін үйлерді біз апатты деп таныдық.

Бізді екі рет шақырған жағдайлар болған. Меніңше, тіпті кейбір тұрғындар жарықтарды өздері сындырып, ұлғайтқан. Тексеру барысында үйдің салынған жылы мен су басқаннан кейінгі жағдайын ескерген едік. Ал егер біздің шешімімізбен келіспейтіндер болса, сотқа жүгінуге құқылы. Біз тұруға жарамды үйлерді бұзу туралы бұйрық бере алмаймыз. Тек заң аясында жұмыс істейміз. Өтемақы көлеміне келсек, бұл мәселемен бағалаушы компания айналысып жатыр", - деп сендірді Мейрамбек Идресов.

Ер адам жергілікті тұрғындар су баспаған деп есептейтін екі үйді бұзып, орнына жаңа үй салуға негіз бен фотолар барына сендірді.

"Бір үй саманнан жасалған және пенопластпен қапталған. Сыртынан тәуір көрінгенімен, ішінде қабырғалары қатты сөгілгені көрінді, сол себепті оны монтаждық пенамен сылауға тура келді. Ал екінші үйде бір қабырғасы отырып қалған. Үй қирауы әбден мүмкін", - деп жауап берді сарапшы.

Сондай-ақ, маманның айтуынша, егер іс сотқа дейін жетсе, компанияда әрбір тексерілген үйдің фотосы бар және сотта техникалық тексеру актісімен қатар аталған фотоларды да ұсына алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2103743-bqo-da-su-tasqynynan-zardap-shekkender-zhanga-uiler-memqyzmetshilerding-tuystaryna-salynyp-zhatyr-video/