Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ғылым қуған қазақ қызы Америкада жасанды интеллект жасаумен айналысуда

Жарияланған күні:

Жұлдыз Отарбай түсірілім кезінде
Жұлдыз Отарбай түсірілім кезінде. Фото: жеке мұрағатынан

Арман қуып Америка Құрама штаттарына аттанған Жұлдыз Отарбай бүгінде үлкен жетістікке жетіп отыр. 29 жастағы Қазақстан азаматшасы ғылым саласындағы білімінің арқасында бүгінде АҚШ-тағы жетекші компаниялардың бірінде жасанды интеллект инженері қызметін атқаруда, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Жұлдыз Отарбай Түркістан облысының Арыс қаласында дүниеге келген. Алайда өмірінің көп бөлігі Алматы қаласында өтті.

Жұлдыз Отарбай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-техникалық факультетін (бакалавр) тәмамдап, магистратураны "Наноматериалдар және нанотехнологиялар" мамандығы бойынша бітірген.

2016 жылы ҚазҰУ-де "үздік жас ғалым" атанып, Жапонияның Киото техникалық институтында "Электроника" бойынша білім алуға мүмкіндік алады. Бұл сапар Жұлдыздың өмірінде аса маңызды рөл атқарып, оның болашағына елеулі үлесін қосады. Себебі бұл елде алған тәжірибесі оны Америка құрама штаттарында үлкен жетістіктерге алып келеді.

Жұлдыз Отарбай Киото техникалық институтында
Жұлдыз Отарбай Киото техникалық институтында. Фото: жеке мұрағатынан

Оқуы аяқталған бойда Жұлдыз Отарбай білімін ары қарай шыңдап, ағылшын тілін жетілдіру мақсатында АҚШ-қа аттанады. Қазақстан азаматшасы Америкада AEU университетінде "Бизнес және басқару" мамандығы бойынша магистратураны аяқтап, тәжірибе алу үшін құрама штаттарда қалуды шешеді.

Бұл елде отандасымыздың өмірі түбегейлі өзгеріп кетеді. Жұлдыз Отарбай ғылым саласындағы біліктілігінің арқасында АҚШ-тағы жетекші компаниялардың біріне жұмысқа тұрады. Аталмыш комания 3D-4D сканерлеу бойынша түрлі қызмет ұсынады.

Жұлдыз Отарбай
Жұлдыз Отарбай. Фото: жеке мұрағатынан

Қазақстан азаматшасы бұл ұйымда виртуалды шындыққа адамдарды сканерлеумен айналысады. Бұл әдіс Америкада кино және бейнебаян түсірілімдерінде кеңінен қолданылады. Жұлдыз Отарбай 3D инженері ретінде әйгілі Lady Gaga, Жан-Клод Ван Дамм, Lil Nas-X секілді жұлдыздардың түсірілімдерінде қызмет атқарған. Сонымен қатар "Американец китайского происхождения" атты сериал да отандасымыздың жұмысы болып шықты. Ол әйгілі актриса Michele Yeoh-ты сканерлеген екен.

Жұлдыз Отарбай Жан-Клод Ван Даммен
Жұлдыз Отарбай Жан-Клод Ван Даммен. Фото: жеке мұрағатынан

Жұлдыз Отарбайдың сөзінше, 3D-4D сканерлеу оңай жұмыс емес. Алайда бұған дейін алған білімі мен тәжірибесі оған бұл жұмысты жеңілдетуге мүмкіндік берген. Қазақстан азаматшасы бүгінде сканерлеуді анағұрлым сапалы етуге бағытталған әмбебап қондырғыны жасап шығарған.

Жұлдыз Отарбай Lil Nas X-пен
Жұлдыз Отарбай Lil Nas X-пен. Фото: жеке мұрағатынан

"Адамдарды сканерлеу өте қиын жұмыс. Бұл тұрғыда маған Қазақстанда алған білімім мен Жапониядағы тәжірибем үлкен көмегін тигізді. Киотода мен Arduino құрылғысын меңгеріп алдым. Соның арқасында кішігірім жаңалық аштым десем де болады. Қазіргі уақытта мен түрлі жерлерге ауыса алатын 3D-4D сканерлеуге арналған әмбебап қондырғыны жасап шығарудамын. Arduino құрылғысы мен Raspberry Pi-ді бірге қолдана жұмыс істеп, сапалы контент алып жатқан жайымыз бар. Жапонияда алған тәжірибемді Raspberry PI құрылғысының жүйесіне енгізіп жатырмын. Бұл жағдай оны суреттерді өңдеу, сегментация, ЖИ қолдану секілді аса ауыр жұмыстар үшін босатады", - деді Жұлдыз.

Жұлдыз Отарбай түсірілім кезінде
Жұлдыз Отарбай түсірілім кезінде. Фото: жеке мұрағатынан

Жұлдыз Отарбай бүгінгі жетістерінің барлығы Қазақстанда алған білімінің арқасында екенін атап өтті.

"Елім маған бар мүмкіндікті берді. Сапалы білім алдым, мықты әлемдік институтта тәжірибе алдым. Ғылым саласындағы негізім Қазақстанда қаланып, мені Америка құрама штаттарына алып келді. Бүгінгі жетістіктерім туған елімде алған білімімнің арқасы деп білемін", - деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2104845-gylym-qugan-qazaq-qyzy-amerikada-zhasandy-intellekt-zhasaumen-ainalysuda/